04.10.2018, 15:16 1168 «Астана» Францияның «Ренн» командасын жеңе ала ма

Бүгін футболдан Еуропа лигасы топтық кезеңінің екінші тур ойындары өтеді. Аталмыш доп додасында K тобында сынға түсіп жатқан елордалық «Астана» өз алаңында Францияның «Ренн» командасын қабылдайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ренн» біздің елімізге алғаш рет келіп отыр. Францияда ортанқол ұжымдар қатарында саналады. Бұған дейін бірде-бір мәрте жүлдегер командалар қатарынан көрінген жоқ.
«Ренн» клубының 117 жылдық тарихы бар. 1901 жылы Ренн университетінің студенттері аталмыш клубтың іргетасын қалады. «Ренн» клубы еурокубок ойындарында да жиі бой көрсете бермейді. Еуропа лигасы/УЕФА кубогы ойындарында бес мәрте бақ сынап, төртеуінде топтық кезеңге шықты. 2005, 2007 жылы өз тобында бесінші орыннан әріге аса алған жоқ. Одан кейін 2008 жылы футбол маусымында бірінші кезеңнен шыға алмады. Ал 2011 жылы өз тобында соңғы орында қалып қойды. «Ренн» араға жеті жыл салып аталмыш доп додасына қайта оралып отыр. Сондай-ақ, бұл команда 1965, 1971 жылдарда кубок иелері кубогында бақ сынады. Оған қоса 1996, 1999, 2001, 2008 жылдарда Интертото кубогына қатысты. Аталмыш еурокубок ойындарының ешбірінде жоғары нәтижеге қол жеткізе алған жоқ.
Биылғы Еуропа лигасында «Ренн» топтық кезеңге бірден жолдама алды. Бүгінгі күнге дейін олар аталмыш бәсекеде небәрі бір ғана ойын өткізді. Өз алаңында Чехияның «Яблонец» клубын 2:1 есебімен жеңді. Қазір K тобында көш бастап тұр. «Астана» алғашқы турда сырт алаңда Украина астанасы Киев қаласының «Динамо» командасымен 2:2 есебімен тең ойнап қайтты Биыл «Ренн» өз елінің біріншілігінде 20 команданың ішінде 16-орында келеді. Соңғы 4 турда небәрі бір ғана ұпайға ие болды. Ал «Астана» ел біріншілігінде турнир кестесінде көш бастап келеді. Мамандар биыл K тобында «Ренн» үздік шығады деп болжам жасауда. Оны уақыт көрсете жатар. Бұл топта «Астана» мен «Ренн» командаларынан өзге Украинаның «Динамо», Чехияның «Яблонец» клубтары да сынға түседі. Әрбір ұжым жарысты жалғастыру жолын іздейді. Қазір қай команданың топ жаратынын тап басып айту қиын. Ойын алдындағы баспасөз мәслихатында «Ренн» клубының бас бапкері Сабри Лямуши «Киевтегі ойын «Астанамен» кездесуде соңғы минутқа дейін босаңсуға болмайтынын көрсетті», - деп баға берді. Ал «Астананың» бас бапкері міндетін атқарушы Григорий Бабаян бұл ойында тең нәтижені қанағат тұтатындығын жеткізді.
Естеріңізге сала кетелік, «Астана» алдымен Чемпиондар лигасында сынға түсті. Алғашқы іріктеу кезеңінде өз алаңында Черногорияның «Сутьескасын» 1:0 есебімен жеңіп, сырт алаңда 2:0 есебімен басым түсті. Одан кейін екінші іріктеу кезеңінде олар Данияның «Мидтьюлланд» клубын (2:1, 0:0) тізе бүктірді. Дегенмен үшінші іріктеу кезеңінде Хорватияның «Динамо» (Загреб) клубына (0:2, 0:1) есе жіберіп алды. Бұдан кейін «Астана» Еуропа лигасы плей-офф кезеңінде сынға түсті. Онда алдымен Кипрдің АПОЭЛ клубынан сырт алаңда 0:1 есебімен жеңіліп, өз алаңында дәл осы есеппен жеңіске жетті. Жеңімпаз ойын соңындағы пенальти тебу арқылы анықталып, «Астана» Еуропа лигасы топтық кезеңіне жолдама алды.
«Астана» мен «Ренн» арасындағы кездесу 21.00-де басталады. Ойын «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

 

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал