03.03.2018, 9:03 2967 «Роман Гонсалеспен жұдырықтасқым келеді» - Мадияр Жанұзақ

Аса жеңіл салмақтағы қазақстандық боксшы, IBF B&R Region титулының иегері Мадияр Жанұзақ «SPORTINFORM» САА тілшісіне берген сұхбатында алға қойған жоспарларымен бөлісті. 

- Мадияр, Макаодағы жекпе-жек туралы бірер сөз айтып өтсең...

- Ең алдымен, маған жанкүйер болып, тілеуімді тілеген барша отандастарыма алғысымды жеткізгім келеді. Жекпе-жек оңайға соқпады. 10 раундқа дейін төбелестік. Шаршадық, шалдықтық. Алайда, жақсы дайындықтың арқасында жеңіске жеттім.

- Қарсылас қаншалықты мықты болды?

- Джон өте қарымды спортшылардың қатарынан екен. Өте ауыр ұрысты бастан өткердім. Бастапқы раундтарда бір-бірімізді барлаумен болдық. Филиппиндіктің осал тұстарын тауып, сол бағытта жұмыс жасадым. Нәтижесі көңілімнен шықты. Төрешілердің есебі бойынша барлық раундта қарсыласымнан басым түстім.

- Сені Ресей боксшысы деп атап жіберді ғой. Бұл қалай болды?

- Иә, бір түсініспеушілік орын алды. Жеңімпаздың қолын көтерер кезде мені Ресей боксшысы деп атады. Ол ұйымдастырушылардың ағаттығы деп санаймын. Мені Ресейдің промоутерлік компаниясында жаттығатыным рас. Алайда, менің жүрегім тек қазақ деп соғады. Мен тек өз елімнің атынан шығамын, тек өз отанымның намысын қорғаймын.

- Өзің жеңіп алған жаңа белбеу жайлы екінің бірі біле бермейді. Қандай титул бұл?

- Біріншіден, айтылған атақтың маған бұйырғанына қуаныштымын. Алғашқы титулым болғандықтан сәл қобалжып тұрмын. Белбеудің өіне тоқталатын болсақ, IBF B&R Region белдігі 2017 жылы халықаралық бокс федерациясы (IBF) азиялық промоутерлердің бастамасымен бекітілді.

- Ендігі белес не болмақ? Алға қойған мақсатыңмен бөлісші.

- Алдағы мақсат – мейлінше көп жекпе-жек өткізу. Рейтингте жоғары өрмелеу керек. Абсолютті чемпион атанып, Қазақстанның туын көкте желбіреткім келеді. Бар мұратым осы ғана.

- Рейтинг деп қалдың. Кеше ұтып алған титул көрсеткішіңді жақсартатын шығар...

- Әрине. Бұл туралы бізге кездесу алдында да айтқан еді. Жекпе-жектің жеңімпазы әлемдік рейтингте IBF нұсқасы бойынша ТОП-15 боксшының қатарына кіретіндігін де жеткізді. Сондай-ақ, бұл белбеу ары қарай басқа титулдарға да жол ашады екен.

- Енді кімдермен жұдырықтасқың келеді?

- Кәсіпқой боксқа келгенім кеше ғана. Қиялға мініп, алысқа шауып кеткім келмейді. Десе де, болашақта Роман Гонсалеспен жұдырықтасқым келеді.

-RCC Boxing Promotions-та қалай тап болдың?

- Бұл промоутерлік компанияны менің менеджерім тапты. Кейін арнайы Екатеринбургқа барып, сол жердегі мамандардың алдында қаралдық. Оларға менің шаршы алаңдағы қимылдарым ұнап қалса керек. Көп кешіктірмей келісімшарт ұсынды, мен қабыл алдым.

- Таңдау неге дәл осы промоутерлік компанияға түсті? Несімен баурап алды?

- Жекпе-жек көп ұйымдастырады. Жыл сайын кемінде 8-9 кездесу тауып береді. Ал, өзіңіз білесіз, жекпе-жек көп болған сайын рейтингте өсім көп болады. Айтылған себептер бойынша RCC Boxing Promotions-ты  таңдадық.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал