04.05.2018, 19:12 513 41 жастағы балуан «Қостанай қыраны» атанды

«Қостанай» спорт кешенінде қазақ күресінен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін «Қостанай қыраны» облыстық іріктеу турнирі мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айта кету керек, бұл мәртебелі жарыс биыл жетінші рет ұйымдастырылып отыр. Алдымен, аудан, қалалардың балуандары өз өңірлерінде іріктеу турнирін өткізді. Содан жеңіп шыққан боз кілем шеберлері финалдық кездесуге жиналды. Шетінен «Сен тұр, мен атайын» дейтін саңлақтар. Екі күнге созылған додада палуандар сегіз салмақ дәрежесі бойынша белдесті.
Мәселен, 55 келі салмақта қостанайлық Әлішер Мұхамеджанов турнир чемпионы атанды. 60 келіде Мылтықбай Әбдуайтовтың бағы жанды. 66 келіде кілемге шыққан арқалықтық Ақжол Қазымбек те ешкімге есе жібермеді. 74 келіде сынға түскен жанкелдиндік Руслан Ибраев өз қарсыластарын тегіс тізе бүктірді. 82 келіде Арқалықтан келген Нұрсұлтан Сәлімжанов турнир жеңімпазы атанса, 90 келі салмақта Алтынсарин ауданының палуаны Берік Таласовқа тең келер қарсылас табылмады. 100 келі салмақта тағы бір алтынсариндік Темірлан Сапаров жеңімпаз деп танылды. Ал, 100 келіден жоғары, аса ауыр салмақта арқалықтық Ғабит Балғынбаев жеңіске жетті.
Қазақ күресінің ең қызығы - «Түйе палуан» бәсекесі. Абсолюттік сынға 30-ға тарта балуан жазылыпты. Тартысты өткен жарыстың финалында қазақ күресінен Азия чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Рамиль Шарыгин мен бірнеше мәрте ел чемпионы, спорт шебері Темірлан Сапаровтың жолы түйісті. Жанкүйерлердің қызу қолдауына ие болған финалдық кездесу 41 жастағы шебер Рамиль Шарыгиннің пайдасына шешілді. Темірлан Сапаров екінші орынды қанағат тұтты. Енді осы екі палуан облыс намысын республикалық «Қазақстан барысы» турнирінде қорғайтын болады.

 

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал