19.07.2018, 14:15 1159 9 жастағы қазақстандық шахматшы Азия чемпионы атанды

Атыраулық 9 жасар шахматшы Зарина Нұрғалиева Азия чемпионы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық спорт басқармасының баспасөз хатшысы Ілияс Шайхиевтің айтуынша, 8-15 шілде аралығында Шри-Ланканың Калатура қаласында шахматтан 7-17 жасар мектеп оқушылары арасында Азия чемпионаты өтті. Оқушылар арасындағы 14-ші Азия чемпионатында әлемнің 16 елінен 7-ден 17 жасқа дейін 400 спортшы қатысты. Қазақстандық шахматшылар 2 алтын, 1 күміс және 1 қола жеңіп алды. Атыраулық шахматшы қыз Зарина Нұрғалиева «рапид» түрі бойынша күміс және «блиц» түрі бойынша алтын медальға ие болды. Тағы бір спортшымыз Аят Абдуллаев командалық есепте қола жүлдеге ие болды.
Айта кету керек, Заринаның бұл шетелдегі алғашқы жарысы. Соған қарамастан жерлесіміз ең үздік атанып отыр. Облыс құрамасының аға жаттықтырушысы Сабырбай Гайсин Атырауда шахмат спорты өте жақсы жолға қойылғанын атап айтты. Ел біріншіліктерінде спортшыларымыз табысты нәтиже көрсетіп жүр.

 

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал