30.04.2018, 17:38 531 Ағайынды Махметтер Әбу-Дабиде джиу-джитсудадан өткен әлемдік додада топ жарды

Ақмолалық Әмір және София Махметтер Әбу-Дабиде бразилиялық джиу-джитсудан өткен «Abu Dhabi World Professional Jiu-jitsu Championship 2018» турнирінде сәтті өнер көрсетті. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі жас спортшылардың әкесі Әнуар Махметовке сілтеме жасап.

16-28 сәуір аралағында Әбу-Даби қаласында (БАӘ) бразилиялық джиу-джитсудан ең беделді додалардың бірі «Abu Dhabi World professional Jiu-jitsu championship 2018» турнирі өтті. 100-ден астам елден жиналған үздік спортшылар өз жас және салмақ көрсеткіштерінде сынға түсіп, бақ сынасты. Қазақстан құрамасының сапында Ақмола облысы атынан ағалы-қарындас Әмір және София Махмет өнер көрсетті.

11 жасар Әмір бүгінгі таңда кеудені жерден көтеруден КИнЭС Қазақстан рекордтар кітабының бес дүркін және екі дүркін әлем рекордшысы болып. Бұдан бөлек, ол «Abu Dhabi World Youth Jiu-jitsu Championship 2017» бразилиялық джиу-джитсудан әлем чемпионатының қола медаль иегері, сондай-ақ «Astana open 2017», «Arlan grip selection 2017», «International Almaty Open 2017», «UAEJJF National pro» сынды республикалық танымал турнирлердің жеңімпазы әрі жүлдегері. Спорттағы жетістіктерімен қатар, Әмір оқуда да үздік атанып, аудандық және республикалық олимпиадаларда жүлделі орындарды иеленуде.

«Әлем чемпионатына дайындығымыз қазан айынан басталды. Алайда желтоқсан айының орта тұсында Әмір аяғынан жарақаттанып, екі жарым айдай жаттығуын жалғастыра алмады. Наурызда ол дайындығын қайта бастады. Алғашында бұл жай ғана дене қыздыру жаттығулары болды, себебі мүлдем әлсіреп қалған еді. Дегенмен біртіндеп, апта сайын жүктемелері күшейе түсті. Нәтижесінде бір жарым айдың ішінде анағұрлым күш жинап, сәл де болса бұрынғы қалпына келе алды», - дейді әкесі Ануар Махметов.

Денсаулығы мен дайындығына байланысты бірқатар қиындықтарға қарамастан Әмір Әлем чемпионаты аясында өткізілген бүкіләлемдік фестивальде сәтті өнер көрсетіп, алтын алқа еншіледі.

Әмір бірінші кездесу барысында жергілікті балуанды уақытынан бұрын жеңсе, ақтық сында британдық қарсыласын айқын басымдылықпен ұтты.

Өкінішке орай, Әмірдің Әбу-Дабидегі Әлем чемпионатындағы өнер көрсетуі анағұрлым сәтсіз болды. Алғашқы жекпе-жекте Моңғолия мемлекетінің өкілімен кездескен ол екі ұпай басымдылығымен алда болғанына қарамастан, қарсыласы қылқындыру әдісін жасаған кезде Әмір берілмесе де төрешінің жекпе-жекті тоқтатып, жеңісті  моңғолиялық спортшыға беруіне байланысты жеңіліс тапты.  

«Әкем аталған турнирден бас тартқысы келіп еді. Бірақ өз шешімін өзгертіп, қатысуыма мүмкіндік берді және бұған өте қуаныштымын. Бұл жерде мен  нағыз мықтылар бәсекесінің, жеңістер мен жеңілістердің куәсі болдым! Бұл  жерде біз қомақты тәжірибе жинақтап, барымызды салып тек қана алға ұмтылуымызға күш беретін зор мотивацияға ие болдық!», - деп алған әсерлерімен бөлісті Әмір Махмет.

Сондай-ақ, Әбу-Дабидегі әлемдік біріншілікте Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы болып алтын әкелген Әмірдің қарындасы алты жасар София Махметті де атап өту керек.  

Еске сала кетсек, аталған турнир жыл сайын Әбу-Дабидің тақ мұрагері ханзада Мохаммед бин Зайедтің тікелей қолдауымен өткізіліп тұрады.

 

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал