20.03.2018, 2:00 6017 А.Колядин мен А.Герлиц Бейжіңде өтетін Паралимпиада ойындарына қатыспақ

2022 жылы Бейжіңде өтетін келесі қысқы Паралимпиада ойындарына қазақстандық қос мықты қатыспақшы, деп хабарлайды Хабар24.

Қытай астанасындағы сайысқа Пхенчхан ойындарының чемпионы Александр Колядин қатысуға ниет танытты. Бұл туралы ол біздің арнаның Кореяда жүрген тілшісіне хабарлады. 1 жарым шақырымда топ жарған қазақстандық шаңғышы мен өзге де спортшылар бүгін кешке елге оралды.

Пхенчхандағы паралимпиада еліміз үшін жемісті болды. Александр Колядиннің алтыны мен Александр Герлицтің 4-орын алуының арқасында Қазақстан осы спорт түрінен әлемдегі ең күшті ондықтың қатарына қосылды. Колядин – құрамамыздағы ең жасы үлкен спортшы. Қостанай облысының Сарыкөл ауылында дүниеге келген жерлесіміз қазір 45-те. 1998 жылы жол апатына ұшырап, аяғынан айырылған. Паралимпиада спортына 5 жыл бұрын келді. Жас кезінде Александр шаңғы спорты бойынша Кеңес Одағының жасөспірімдер құрамасы сапында болған.

Александр Колядин, Паралимпиада ойындарының чемпионы:

– Сарыкөлдегі шешеме, дос-жарандарыма сәлем. Жарыста барлық күшімді салдым. Ел намысын абыроймен қорғап шықтым. Алтынмен ораламын. Күтіңіздер. Мені қолдағандарыңыз үшін көп рақмет!

Шаңғыдан 20 шақырым қашықтықта 4-орынды иеленген Александр Герлиц – Солтүстік Қазақстан облысының тумасы, жасы – 28-де. Бұл азамат та жол апатына ұшырап, қолы зақымданып, үшінші топтағы мүгедек болып қалған. Ал қосшаңғы спортымен үш жылдан бері айналысады.

Александр Герлиц, ҚР Паралимпиада құрамасының шаңғы және биатлон спорты бойынша мүшесі:

– Мені әкем кішкентай кезімнен шаңғы спортына баулыған. Мектепте оқығанда аудан намысын қорғағанмын. Шаңғы жарысы мен үшін тансық емес. Сондықтан Паралимпиада спортына келдім. 

 Екі Александр да 2022 жылы өтетін Бейжіңдегі Паралимпиада ойындарына қатысуға ниетті. Александр Колядин ол кезде 49 жаста болады екен. Бірақ қазақстандық жүзгіш Зүлфия Ғабидуллинаның 50 жасында Паралимпиада чемпионы болғанын естен шығармайық.

 

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал