21.02.2018, 18:11 809 Әлем чемпионатына қатысатын қазақстандық жеңіл атлеттер анықталды

Наурыз айының 1-4 аралығында өтетін жеңіл атлетикадан жабық кешендегі әлем чемпионатының норматив орындау уақыты аяқталды, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА тілшісі ҚР жеңіл атлетика федерациясына сілтеме жасап.

Биылғы әлем чемпионатын Ұлыбританияның Бирмингем қаласы қабылдайды. Үлкен додада Қазақстан 400 метрге жүгіретін спортшыларына сенім артатын болады.

Ерлерден ел намысын жалғыз Михаил Литвин қорғайды. Ол 2017 жылы Ашхабадта өткен жабық кешендегі Азия ойындарында қола медаль жеңіп алып әрі өзінің жеке рекордын жаңартқан – 46.51 секунд. Әлем чемпионатының нормативі – 46.70.

Әйелдерден жекелей сында екі спортшы қатысатын болды. Олар – Элина Михина мен Светлана Голендова.

16 ақпан күні Өскеменде өткен Қазақстан кубогының екінші кезеңінде 400 метрге жарысқан Михина мен Голендова әлем чемпионатының нормативін орындаған болатын. Алғашқысы мәреге 52.53 секундта жетіп, Қазақстанның жабық кешендегі рекордын жаңартты. Светлананың уақыт көрсеткіші – 52.76. 

Айта кетейік, әйелдер арасында 400 метрдің нормативі – 53.15 секунд.

Әлем чемпионатында сондай-ақ командалық эстфетадан 4х400 метрге жүгіретін қыздар құрамасы өнер көрсетеді. Ұлттық құраманың бапкерлер штабы эстафетада – Элина Михина, Светлана Голендова, Аделина Ахметова, Любоьв Ушаковаға сенім артып отыр.

Еске сала кетейік, жеңіл атлетикадан жабық кешендегі әлем чемпионаты 1-4 наурыз аралығында Бирмингем қаласында өтеді. Чемпионатта ерлер мен әйелдер арасындағы 26 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал