07.11.2018, 18:07 374 Алматыда Денис Тенге арналған мемориалды тақтайша қойылды

Бүгін Алматыда мәнерлеп сырғанау спортынан Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Теннің мемориалды тақтайшасы ашылды. Ескерткіш тақта Денис туып-өскен үйдің қабырғасына қойылды.

Іс-шараға Денистің туыстары мен жақындары қатысып, Алматыға КСРО-ға еңбек сіңірген жаттықтырушы Татьяна Тарасова, ресейлік спортшы Елена Радионова, Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева арнайы келді. Мемориалды тақтаның ашылуында чемпионның достары мен жанкүйерлері де төбе көрсетті. 

«Ол өз елінде тұрып, өз елінің атын шығарғысы келген. Өкінішке қарай, өз елінде қаза тапты. Ол өз отанының даңқын асырды. Оның өнеріне тәнті болған миллиондаған адам картадан Қазақстанды іздей бастайтын. Ол өз халқының даңқты ұлы. Осындай ұлды тәрбиелеп өсірген ата-анасына рахмет!», - деді Тарасова. 

Алматы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев келесі жылдың көктемінде спортшыға ескерткіш қойылатынын жеткізді. Сондай-ақ, жыл сайын Денис Тен атындағы турнир өткізілмек. 

Денис Тен ағымдағы жылдың 19 шілдесінде қаза тапты. Ол Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері әрі мәнерлеп сырғанаудан Олимпиадада жүлде алған тұңғыш қазақстандық спортшы. Ол 2013 және 2015 жылдары әлем чемпионатында үздік үштікке енген.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал