06.07.2018, 18:35 969 Алматылық сәйгүлік 16 шақырымдық бәйгеде топ жарды

Елорданың 20 жылдығы құрметіне орай Астанадағы «Қазанат» атшабарында бәйгеден «Астана кубогы» өтіп жатыр. Кубоктың 16 шақырымдық бәйгесінде сайысында Алматы облысынан келген, «Мұрагер» атты сәйгүлік мінген Ақжол Жұматай мәреге бірінші болып жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
16 шақырымдық бәйгеде 20 жүйрік шапқан болатын. Ауыздығымен алысқан арғымақтардың сайысында алғашқы 4 айналымнан кейін 8 тұлпар қатар келе жатты. Бір-біріне есе бермеген сегіздіктің қатары тағы бір-екі айналымнан кейін сирей бастаған еді. Ақыр аяғы, негізгі бәсеке 16 шақырымдық сайыстың бес сәйгүлігі арасында өрбіді. Арғымақтар жарысында кермені бірінші болып «Мұрагер» атты сәйгүлікті мінген Ақжол Жұматай жетті. Оның ізін ала Қарағанды облысының атынан жарысқа қосылған, «Лайт Энджл» атты тұлпармен шапқан Рахман Әлішер атты шабандоз екінші болып мәре сызығын кесті. Үштікті тағы бір алматылық сәйгүлікті ерттеген астаналық шабандоз Курванжан Арнұр түйіндеді.
Бәйгенің бірінші жүлдесін алған Ақжол Жұматайға 10 мың АҚШ доллары табысталады.

 

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал