11.07.2018, 14:43 151 Англия құрамасы «тауықпен» жаттығу жасады

Ресей жасыл алаңдарында өтіп жатқан 2018 жылғы Әлем чемпионатының жартылай финалы аясында бүгін Мәскеудегі «Лужники» стадионында Хорватия және Англия құрамалары кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кеше Францияның Бельгияның қалай тізе бүктіргенін көрдік. Дидье Дешам шәкірттері оның алдында Аргентина, Уругвай құрамаларын да тырп еткізбей тастап еді. Соңғы кездері бірқатар футбол мамандары Францияны тоқтату тек Хорватияның ғана қолынан келеді деген сияқты пікірлер айта бастады. Хорватия Францияны тоқтату үшін бүгін Англияны жеңуі тиіс. Ал Англияның бұл чемпионаттағы есебі бөлек. Олар, тіпті, жартылай финалда Хорватиядан сүрінбей өтетініне кәміл сеніп, финалда француздармен кездесуге психологиялық дайындықты бастап жіберген.

Кеше Туиттерде тараған видеоға қарағанда, ағылшындар жартылай финалды шетке ысырып қойған секілді. Маңызды ойын алдынан ойыншыларға ерекше көңіл күй сыйлау үшін команданың физиологиялық дайындық жөніндегі бапкерлері «қуыршақ» тауықты пайдалануды ұсынған. Бас бапкер Гарет Саутгейттің айтуынша, негізінен жастардан құралған командаға бұл жақсы әсер етуі тиіс.

Айта кетейік, әтеш - Франция ұлттық құрамасының символы. Әлгі «қуыршақты» Гарет Саутгейт дипломатиялық әдеп сақтап әдейі «тауық» деп отырғаны түсінікті. Жаттығу кезінде оны бір-біріне лақтырып ойын-сауық құрған ағылшынның жас ойыншыларының бұл әрекетін шетелдік БАҚ «француздарға әдейі сес көрсетіп, қытығына тиіп жатыр» деп бағалауда.

Ойын Астана уақытымен 00:00-де болады. Оны тікелей эфирден Qazsport және Qazaqstan телеарналары көрсетеді.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал