24.05.2018, 17:18 761 «Астана арландары» VS «Бритиш Лайонхартс» – Тартысқа толы текетірестен не күтеміз?

Дүниежүзілік бокс сериясының плей-офф кезеңіне шыққан «Астана арландары» командасының Ұлыбританияның «Арыстан жүректілеріне» қарсы жартылай финалдық жекпе-жектерді қашан өткізетіні белгілі болды. Алғашқы айқас Лондонда 17 мамырда өтсе, қарымта кеш мамырдың 26-сы күні Атырауға жоспарланған, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА тілшісі «Астана» Президенттік кәсіпқой спорты клубының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сегіз жылдық тарихы бар WSB жобасының жүйесі бойынша, жыл сайын топтық турнирден кейін финалдық кезең ширек финалмен жалғасатын. Биыл Дүниежүзілік бокс сериясының басшылары күтпеген жерден өзгеріс енгізіп, топтық турнирден кейін бірден жартылай финалды бастап кету туралы шешім қабылдады. Осылайша, бірден төрт команда жүлде жолынан тыс қалды. Регламент бойынша жартылай финалға үш топтың жеңімпазы және екіші орын алғандардың ішінде көрсеткіші жоғары бір команда өтуі тиіс болатын. «Астана арландары» «А» тобының жеңімпазы атанғанымен бұл үшін боксшыларымыз «Үнді жолбарыстарына» алғыс айтуы қажет шығар. Өйткені, соңғы турға дейін «А» тобында «Ресей патриоттары» көш бастап тұрды. Тек соңғы турда «Үнді жолбарыстары» ресейліктерді ұтып, бірінші орын біздің боксшыларға бұйырды. Егер екінші орынмен шектелгенімізде жартылай финалдан тыс қалар едік. Себебі, біз 15 ұпаймен «А» тобының жеңімпазы болсақ, екінші орын алғандардың ішінде көрсеткіші жоғары «Франция әтештерінде» 16 ұпай бар еді. Осылайша, жартылай финалға «Астана арландары», «Франция әтештері», «Британия арыстан жүректілері» және «Куба жауынгерлері» жолдама алды. Біз британдармен кездесеміз.

Жалпы, «Арыстан жүректілермен» «арландар» бірінші рет кездесейін деп тұрған жоқ. 2016 және 2017 жылдары да жартылай финалда жолдары түйіскен. Алғашқы текетіресте біздің боксшылар 2:3 және 1:4 есептерімен жеңілсе, былтыр дәл осындай есептермен жеңіске жетіп, қарымта қайтарған. Бұл жолы қалай болар екен?..

- Үйдегі жартылай финал жекпе-жектері Атырау қаласында 26 Мамырда өтеді. Жанкүйер болып өзіміздің батырларға қолдау жасаныздар. Тамаша бокс кешінің аясында титулдық аралас ережесіз жекпе-жектер де болады. Сондай-ақ, қазақ эстрадасының майталмандары Бағлан Абрайымов, Мөлдір Әуелбекова жане «Алаш» тобы өз өнерлерімен спортшыларды жігерлендіреді, - деді «Астана арландары» бокс клубының басшысы Бақтияр Артаев.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал