13.09.2018, 12:24 9182 «Астана» Дмитрий Груздевпен келісімшартты ұзартты

Қазақстан велоспортының ең тәжірибелі шабандоздарының бірі Дмитрий Груздев «Астанада» кемі тағы бір жылға қалатын болды. Кеше спортшы клубпен келісімшартын 2019 жылдың соңына дейін ұзартты, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА тілшісі «Астана» Президенттік клубына сілтеме жасап.

32 жастағы Дмитрий Груздев үшін бұл «Астана» велоклубының сапындағы жетінші маусым болмақ. Қазақстанның үш дүркін, Азияның екі дүркін чемпионы 2012 жылғы Әлем чемпионатында атой салып, мәре сызығын 6-шы болып қиғаннан кейін «Астана» жетекшілері оны өз командасына шақырған. Содан бері Груздев президенттік команданың ең белді шабандоздарының бірі. Биыл Дмитрий Швейцария көпкүндігінде даниялық Якоб Фульсангтың басты грегариі болып, капитанның 2-ші орын алуына үлкен септігін тигізген. Одан кейін «Тур де Франс» көпкүндігіне де қатысты. Алайда, жарақаты кесір болып, көпкүндіктің 12-ші кезеңінен кейін жарысты жалғастырудан бас тартқан.

- «Астанада» қалғаныма қуаныштымын. Дегенмен, биылғы маусым мен үшін өте ауыр болды. Денсаулығым сыр беріп, ескі жарақаттарым жиі мазалап кетті. Бірақ, қазір бәрі де оңалып келе жатыр. Келесі маусымнан үлкен үміт күтемін. Менің басты мақсатым – командалық жеңістер. «Астананың» әрдайым үздіктер қатарында болуы үшін жүз пайыз тер төгуге дайынмын. Сондай-ақ, жекелей жарыстарда көрсеткіштерімді жақсартуға тырысамын, - деді Дмитрий Груздев.

Келесі маусымда Груздевтен үлкен үміт күтетінін «Астананың» бас менеджері Александр Винокуров та жасырмады. Биылғы маусым қазақстандық шабандоз үшін өте ауыр болғанымен келесі жылы команданың жоғары орындардан көрінуі үшін бар күшін салатынына Винокуров та сенімді.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал