13.08.2018, 18:22 8490 «Астана» капитаны «Бургос Вуэльтасын» екінші орынмен аяқтады

«Астана» велоклубы мәртебелі «Вуэльта» көпүкндігіне тас-түйін дайын. Пиреней түбегінде өткен «Бургос Вуэльтасынан» кейін осылай деп нық сеніммен айтуға болады, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА тілшісі «Астана» Президенттік клубының ресми сайтына сілтеме жасап.

 

Бес кезеңге созылған жарыстың соңғы туры 141 шақырымға созылып, бірінші минуттан-ақ тартысқа толы болды. Жеңістен басты үміткерлер бірден тізгінді қолдарына алып, пелетоннан барынша ұзап кетуге тырысты. Алайда, «Астана» жігіттері бәрін де өз бақылауларында ұстаған еді. Фавориттердің ізін қуып, оларды алысқа ұзатпауға тырысты. Пельо Бельбао ұзақ уақыт команданы алға сүйресе, мәреге 2,5 шақырым қалғанда Мигель Анхель Лопестің өзі «қамшы басып», шабуылға көшті. Тек 500 метр қалғанда ғана оны басты бәсекелесі Иван Рамиро Соса қуып жетіп, екеуара жарыста Лопестің отандасы 19 секундқа ұзап кетті де, кезеңнің ғана емес, көпкүндіктің де жеңімпазы атанды.

 

Дегенмен, «Астана» капитаны үшін бұл жарысты өте сәтті өтті деп толық сеніммен айтуға болады. «Вуэльта» көпкүндігінің қарсаңында Мигель Анхель Лопестің де бабында екенін көрдік. Пиренейде өткен жарыста екінші орынды иемденіп, ұпайлық квалификацияда топ жарды.

 

- Әлбетте, көздегенім жеңіс еді, бірақ екінші орын да жаман емес. Бабыма еніп келе жатырмын. Сол қуантады. Соңғы кезеңнің соңғы шақырымдарында барымды салып, барынша шабуылдады. Өкінішке қарай, Сосаның ізіне түсу мүмкін болмады. Бұйырғаны екінші орын болды. Енді «Вуэльта» көпкүндігінде де дәл осылай өнер көрсетсек, жеңістің ауылы бізден алыстай қоймас, - деп жарыс соңында «Астана» капитаны Мигель Анхель Лопес ағынан жарылды.

 

Естеріңізге сала кетейік, биыл «Вуэльта Испания» көпкүндігі 25 тамызда басталып, қыркүйектің 16-сы күні мәресіне жетеді.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал