03.10.2018, 12:44 1146 «Астана» Президенттік баскетбол клубына үш легионер қосылды

«Астана» Президенттік баскетбол клубы биыл 3 легионермен, барлығы 6 ойыншымен толықты. Бүгін елордада өткен баспасөз мәслихатында клубтың жаңа маусымға дайындығына қатысты айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап өтілгендей, биыл баскетбол клубының құрамы жаңа 6 ойыншымен толықты. Оның үшеуі легионер болса, қалған үшеуі қазақстандық спортшылар. Атап айтқанда, «Астана» клубы 26 жастағы америкалық баскетболшы Джалил Обрайнмен (шабуылшы) бір жылдық келісімшартқа отырды. Бұл Джалилдің АҚШ-тан тыс, шетелде бірінші рет өнер көрсетуі. Обрайн кәсіби карьерасын «Юта Джаздың» фарм-клубы - «Солт Лейк Сити Старз» командасында бастаған (G-лига). 2016 жылы «Юта Джаз» командасының негізгі құрамымен келісімшартқа отырған. 2017/2018 маусымын «Аква Калиентэ Клипперс» командасында өткізді.

29 жастағы америкалық тағы бір кәсіпқой баскетболшы Кеннет Хортон (шабуылшы) спорттық мансабын Францияда бастаған. Кейін Кипр командасы үшін ойнаған. 2013/2014 жылдарғы маусымын Мексикадағы «Huracanes de Tampico» командасында, 2014/2015 маусымын келісімшарт негізінде Финляндияның «Kataja Basket» клубында өткізген.

АҚШ-тан шақырылған үшінші ойынша Джэффри Гроселл (орталық шеп ойыншысы) ​25 жаста. Ол «Астана» ПБК-мен 2018/2019 жылдар маусымына бір жылдық келісімшартқа отырды. Бұған дейінгі екі маусымды Бундеслигада өткізген.

Президенттік баскетбол клубының сапын толықтырған қазақстандық жас спортшылар - Руслан Айтқали (қорғаушы), Асқар Майдекин (орталық шеп ойыншысы)және Николай Бажин (қорғаушы).

Асқар - Қарағанды облысының тумасы, орталық шептегі әлеуеті зор ойыншы. Қазірдің өзінде Қазақстан ұлттық құрамасының сапына тартылып жүр. Руслан Ақтөбеде туған, Алматыдағы республикалық мектеп-интернатты бітірген. «Астанаға» дейін «Алматы Легионы» клубында шабуылшы қорғаушы және жеңіл шабуылшы шептерінде ойнаған.

«Біздің жігіттер жаңа маусымға дайын және кезекті ойын емес, нәтижелі ойын көрсететінімізге сенімдімін. Баскетбол көрермендері мен біздің клуб жанкүйерлеріне тартымды ойын көрсетуге уәде береміз. Жаңа маусымның кестесін көрген болсаңыздар, ойын қарымды командамен болайын деп тұр. «ЦСКА» Ресейдің ғана емес Еуропаның үздік командаларының бірі екенін бәріңіз білесіздер. Шынынымды айтсам, алғашқы ойында осындай азулы командамен шығатын болғандықтан аздап қобалжу бар. Екі жағынан, бізде бір ғана мақсат бар ол - жемісті ойын көрсетіп, плей-оффқа шығу. Нәтижелі ойыннан бөлек, біздің мақсат Қазақстандағы баскетбол спортының қарқынын көтеру. Осы тұрғыда біз ұлттық құрамамен қатар, аймақтық командалармен жолдастық кездесулер өткізіп, қолдау білдіреміз», - деді «Астана» баскетбол клубының бас бапкері Эмиль Райкович.

Айта кетейік, ВТБ бірыңғай лигасының чемпионаты 2018 жылдың 5 қазаны мен 2019 жылдың 28 сәуірі аралығында өтеді.

Биылғы додаға қатысатын 14 команда екі айналымдық жүйемен бір-бірімен кездесіп шығады (өз алаңында және сыртта). Жыл сайынғы дәстүрге сай лиганың 8 үздік командасы плей-офф сатысында бақ сынау құқығына ие болады. Жеңімпаз плей-офф ойындары жүйесімен анықталады.

Қазақстан командасы ВТБ бірыңғай лигасының чемпионатындағы 6 маусымның ішінде бірнеше мәрте көпшілікті тәнті етіп, өз алаңында Еуропа баскетболының азулы командаларын тізе бүктірген болатын. Атап айтқанда, «Жальгирис» және «Летувос-Ритас» (Литва), «Будивельник», «Донецк» және «Азовмаш» (Украина), «Калев» (Эстония), «ВЭФ» (Латвия), «Нижний Новгород», «Красные крылья», «Химки», «Автодор» (Ресей).

«Астана» баскетболшылары 7 қазан күні алғашқы ойында Мәскеудің «ЦСКА» командасын қабылдайды.

Еске салайық, «Астана» баскетбол клубы «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының қолдауымен 2011 жылдың наурызында құрылды. 2013 жылы аталмыш клуб «Астана» Президенттік кәсіпқой спорт клубының құрамына енді. 2016 жылы оның атауы «Астана» Президенттік баскетбол клубы болып өзгерді.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал