28.05.2018, 15:12 854 «Астана» велоклубының көшбасшысы үздік үштікке көтерілді

Апеннин түбегінде «Джиро д’Италия» велокөпкүндігінің 20-шы кезеңі өтіп, «Астананың» шабандозы Мигель Анхель Лопес жалпы есепте үздік үштікке кірді. Сондай-ақ, ең үздік жас шабандозға тиесілі ақ жейдені өзінде сақтап қалды, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА тілшісі «Астана» Президенттік клубына сілтеме жасап.

Ертең мәртебелі көпкүндіктің соңғы кезеңі. Дәстүр бойынша бұл кезеңде шабандоздар бір-бірімен жарыспайды. Рим шаһарын айнала 115 шақырымды жүріп өтетін шабандоздар Достықты ұрандатып, мәреге бір уақытта жетуге тырысады.

Сондықтан, басты жарыс бүгін аяқталды. Суза қаласынан Червинияға дейінгі 214 шақырымға созылып жатқан аралықты бағындыру үшін жарыс жолына 151 шабандоз шықты. Бірінші болып мәреге испаниялық Микел Нива жетті. Ал «астаналық» Мигель Анхель Лопес жеңімпаздан 6 минуттан сәл ғана астам уақытқа қалып қойды. Дегенмен, жалпы есепте басты бәсекелестерінен алда болды. Нақты айтар болсақ, 19-шы кезеңнен кейін Мигель Лопес 7-ші сатыдан 4-ші орынға көтеріліп, үшінші орынға француз Тибо Пино орналасқан болатын. Бүгін «Астананың» көшбасшысы басты бәсекелесін ығыстырды. Пино мәреге 88-ші болып жетті.

Ал күлгін жейде үшін басты талас британдық Кристофер Фрум мен голландиялық Том Дюмулен арасында өрбіді. Екеуі мәреге дейін бір-бірін қыспақтап, кезек-кезек шабуылдап, ақыр соңында Фрум озып кетті.

Өз кезегінде жарыс көшбасшыларымен қатар ақ жейдеге таласты Мигель Анхель Лопес пен эквадорлық Ричард Карапас жүргізген. Карапас бірінші болып жеткенімен жалпы есептегі жағдайға өзгеріс енгізе алмады. Ақ жейде «Астана» көшбасшысының еншісінде. Сонымен қатар, Лопес жалпы есепте үшінші орынға көтерілді.

Осылайша, «Астана» ақыры мақсатына жетіп, ертең Римде бір спортшысы жеңіс тұғырына көтерілетін болды. Бұл «Джиро» біздің команда үшін сәтті аяқталды десек те болады.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал