21.02.2018, 17:38 944 Ертең әйелдер күресі академиясының таныстырылу рәсімі өтеді

Ертең спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы, ҚР Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының ұйымдастыруымен Астанада жаңадан ашылған әйелдер күресі академиясының таныстырылу рәсімі өтеді, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА тілшісі.

Іс-шараға ҚР Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті  Сауат Мұхаметбайұлы Мыңбаев, ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Данияр Рустэмұлы Абулғазин, әйелдер күресі бойынша вице-президент Гузель Манюрова және Қазақстан құрамасының бас бапкері Қайрат Сағадиев қатысады. Сонымен қатар, Академияның ашылу салтанатына қонақ ретінде бокстан Лондон олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев пен жеңіл атлетикадан Сидней олимпиадасының жеңімпазы Ольга Шишигина шақырылды.

Баршаңызға белгілі, енді санаулы күндерден кейін, дәлірек айтсақ, ақпанның 27-сі мен наурыздың 4 аралығында Қырғызстанның Бішкек қаласында күрес түрлерінен Азия чемпионаты өтеді. Қайрат Сағадиев баптайтын еліміздің әйелдер құрамасы құрлық біріншілігі қарсаңындағы дайындық жұмыстарын осы Академияда қабырғасында өткізді.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал