29.05.2018, 16:18 1379 Астанада хоккейден өтетін әлем чемпионатына жоспар құрылды

Астанада Қазақстан хоккей федерациясы Атқару комитетінің мәжілісі өтіп, Астанада хоккейден өтетін әлем чемпионатына жоспар құрылды, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА тілшісі «Астана» Президенттік клубына сілтеме жасап.

Будапеште өткен Әлем чемпионатының «А» тобындағы Қазақстан ұлттық құрамасының ойындарын талқылаған Атқару комитетінің мүшелері 2019 жылдың 29 сәуірі мен 5 мамыры аралығында Астанада өтетін әлем чемпионатына жоспар құрды. Айта кетейік, Қазақстан әлемдік мундиальді өз тарихында тұңғыш рет өткізбек.

«Тапсырманы орындай алмадық. Ал келесі жылы А тобынан шығу тіптен қиын болады. Өйткені, қарсыластарымыз биылғыдан да мықты. Яғни, Беларусь пен Оңтүстік Корея», - деді ҚХФ президенті Асқар Мамин.

Әйтсе де, Асқар Ұзақбайұлының айтуынша, Қазақстанда өтетін әлем чемпионаты елімізде шайбалы хоккейдің дамуына зор септігін бермек.

Атқару комитеті мәжілісінің қорытындысы бойынша, Қазақстан ұлттық құрамасының Будапеште өткен Әлем чемпионатындағы көрсеткіші «қанағаттандырарлықсыз» деп танылды.

Дегенмен, Әлем чемпионатының А тобында жеңімпаз атанып, соңғы 10 жылда бірінші рет жоғарғы дивизионға жолдама алған Қазақстан жастар құрамасының өнері «сәтті» деп бағаланды. Осыған орай Асқар Мамин Сергей Старыгин бастаған жастар құрамасының жаттықтырушылар алқасына алғыс білдірді.

Атқару комитетінің мәжілісінде қабылданған тағы бір маңызды шешім бар. Биыл Қазақстан Жастар лигасын құрып, оған 2000-2002 жылғы жасөспірімдер арасында 9 команда қатыспақ. «Жастар лигасын құру арқылы біз еліміздің басты клубы мен ұлттық құрамаларымызға сапалы ойыншылар дайындап шығаратын боламыз. Жалпы, Қазақстанның балалар мен жеткіншектер командалары Ресей Федерациясының біріншіліктерінде сәтті өнер көрсетіп жүр. «Юность», «Торпедо», «Астана», «Барыс» балалар-жасөспірімдер командалары Ресей біріншіліктерінде тәжірибе жинап, Қазақстан хоккейіне жақсы ойыншылар дайындап беріп жатыр», - деді Асқар Мамин.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал