19.09.2018, 12:16 1145 Астанада стенд атудан Гран-при турнирі өтеді

7-26 қыркүйек аралығында Астанада стенд атудан Жасөспірімдер арасындағы халықаралық Кубок жəне ересектер арасындағы Гран-при турнирі өтеді, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА тілшісі ҰОК ресми сайтына сілтеме жасап.

Дүбірлі додаға 10-ға жуық мемлекеттен 200-ге тарта спортшы қатысады.

Олардың арасында Рио жəне Лондон Олимпиадаларының қатысушылары, сондай-ақ,  Азия ойындары мен Азия чемпионатында топ жарған мергендер бар.

- Биылғы маусым біз үшін ірі бəсекелерге толы болды. Азия ойындарының ізін ала бере əлем чемпионатына аттандық. Бүгін өз жеріміздегі дүбірлі бəсекені бастағалы отырмыз. Мергендер алдымен олимпиадалық бағдарлама саналатын трапта, кейін дубль трап жəне скиттен өзара мықтыны анықтайды, - дейді нысана көздеуден ұлттық федерация басшысы Олег Почивалов.

ҚР ҰОК бас xатшысының орынбасары Елдос Рамазанов та қатысып, маңызды додаға қатысты өз пікірімен бөлісті.

- Ең алдымен қазақ жеріне келген турнирдің сыйлы қонақтарына қош келдіңіздер дегім келеді. Он күн бойы əлемнің үздік мергендері кім мықтыны анықтайтын болады. Астанаға Олимпиада мен Азия ойындарының қатысушылары мен ірі халықаралық турнирлерде топ жарған спортшылар келді.

Стенд атудан мұндай ірі жарыс Қазақстанда екінші рет өткелі отыр. Былтыр ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында ЭКСПО Гран-при додасының жалауы желбіреді.

Мұндай маңызды додалар еліміздегі стенд ату спортының деңгейін көтеретініне сенімім зор. Əлемнің үздік мергендерімен жарысу арқылы біздің спортшыларымыздың өлшеусіз тəжірибе жинайтыны хақ. 

Қатысушыларға тек сəттілік тілеймін! Мықтылар жеңсін, - деді Рамазанов.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал