22.11.2017, 15:06 368 "Астананың" соңғы маусымдардағы нәтижесі көз қуантады

Иә, биыл тағы да «Астана» Қазақстан премьер-лигасында топ жарып, әзірше елімізде теңдесі жоқ футбол клубы екенін дәлелдеп берді. Бұл қатарға Еуро бәсекелерде де келісті ойын өрнегін көрсетіп жүргенін тағы қосыңыз. Енді осы төрт жылдағы «Астананың» көрсеткіштеріне сараптама жасап, кеңінен тоқталып өтсек.

Осы чемпиондық төрт жылға елордалық клубты жетелеген ол, әрине, бапкері екені даусыз. Иә, Станимир Стоилов сынды білікті болгариялық бапкер келгелі «Астананың» басына бақыт құсы келіп қонғандай дерсіз. Бұл жаттықтырушы қалай келді клубтың ойыны тұрақтанып, көрсеткіші уақыт өте жақсара берді. 

 Ең алдымен «Астана» биылғы нәтижесімен:

-         1992 жылдан бері өтіп келе жатқан Қазақстан премьер-лигасында қатарынан төрт рет чемпион атанған тұңғыш клуб атанды.

-         Ел біріншілігінде осы жылы клуб тарихындағы гол соғу және гол жіберу бойынша өзіндік рекорд орнатты. Қарсылас қақпасынан 74 рет саңылау тапқан олар, 63 гол соққан 2014-15 жылдардағы көрсеткішті әлдеқайда жақсартып отыр. Демек, еңселі ұжымның шабуыл шебі жыл өткен сайын ширай түсуде деп зор сеніммен айта аламыз. Ал Шомко мен Лигвиненко бастаған қорғаныс шебі біріншіліктегі 33 ойында небәрі 21 ғана гол жіберген. Бұл 2012 жылғы қарсылас соққан 24 голмен салыстырғанда біршама жақсы көрсеткіш. Алайда, сол жылы премьер-лига ойындары 26 турдан ғана тұрғандығын ескергеніміз жөн. 

-         Ел біріншілігінде қатарынан ең көп ойында жеңіске жеткен команда. Дәлірек айтсақ, 11 ойын қатарынан тек үш ұпай олжалаған.

-         Біріншілікте 7 ойын бойы қақпасына гол жібермеген, яғни (Н. Эрич- 4, ал Мокин- 3 ойын) жеті қарсыласқа қарсы ойында қақпаларын голдан аман сақтап биыл осы көрсеткіш бойынша да көш басында тұр.

Биыл, 2017 жылғы «Астана» жейдесінде 26 (легионер- 10, ал  отандық- 16) футболшы алаңға шыққан. Жалпы 15 ойыншы қарсылас қақпасынан саңылау тауып жалпы 74 гол соққанымен,  екі жағдайда өз қақпаларына автогол кіргізіп алған. Ең көп гол соғып сұрмергендер тізімінде екінші орынғы тұрақтаған шабуылшы Джуниор Кабананга (19 гол).

Сонымен аталған көрсеткіштер тек биылғы, яғни  2017 жылғы маусымдікі ғана екенін айтқымыз келеді. Ал енді Стоилов баптайтын ұжымның алдыңғы үш жылдағы чемпиондық жорығына да осылай көз жүгіртіп көрейік.

Өткен, 2016 жылғы маусымда да «Астана» биылғыдай негізгі қарсыласы Алматының «Қайратын» осымен екінші мәрте не бәрі бір ұпай айырмашылығымен артта қалдырған болатын. Сол кезде де чемпион болатын клуб тек соңғы турда ғана анықталғанын жанкүйерлер әлі ұмыта қойған жоқ. Бұл да болса Қазақстан чемпионатының бәсекелестігі жоғары, тартысқа толы екендігінің бір дәлелі. Аталған маусымда «Астана» біріншілпен қатар Қазақстан кубогында да жеңіске жетіп, екінші жыл қатарынан Еуро маусымда өнер көрсетті. Бұл жолы Чемпиондар лигасында емес, Еуропа лигасының «В» тобында АПОЭЛ, «Янг Бойз», «Олимпиакос» командаларымен күш сынасып бес ұпаймен төртінші орын алған болатын.

Чемпиондықтың үшінші жылында команда жейдесінде алаңға 29 (легионер- 10, қазақстандық - 19) футболшы шығып, оның 13-і команданың 47 голын соққан. Бас-аяғы 32 турдың қорытындысы бойынша, 16 ойын қатарынан жеңіске жетіп, төрт ойын бойы қақпасына гол жібермеген. Ең көп гол соққан Азат Нұрғалиев (12 гол) болатын. Ал сұрмергендер кестесінде ол 6 орында тұрақтады.

2015 жыл клуб тарихында алтын әріппен жазылатыны анық. Неге десеңіз, дәл осы жылы «Астана» екінші мәрте Қазақстан чемпионы атанып қана қойған жоқ, отандық клубтар арасында бірінші болып Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне өтіп, «С» тобында «Бенфика», «Галатасарай», «Атлетико Мадрид» командаларымен бірге өнер көрсетіп, жанкүйерерге талай ұмытылмас әсер сыйлаған еді. Осының арқасында клуб УЕФА тарапынан негізгі кезеңге өткені үшін 12 млн. еуро көлемінде сый ақы алды. Бізге қызығы ішкі біріншілік болғандықтан енді тақырып ауанын солай қарай бұрсақ. Чемпиондықтың екінші жылында «Астана» 2 айналымдағы 32 турдан  тұратын біріншілікте 45 ұпаймен «Қайраттан» бір ұпайға ғана басым түсе алды. Чемпиондыққа осы да жеткілікті болды. 2015 жылы Стойлов бапкер 27 ойыншының (легионер- 8, қазақстандық- 19) қызметін пайдаланып, ал олардың ішінде 13 ойыншы өз кезегінде 55 допты қарсылас қақпасында тулатқан. Клуб сұрмергені болып 11 голмен команда капитаны Таңат Нөсербаев танылған болатын.

 «Астана» үшін 2014 жылдың да маңызы зор. Дәл осы жылы Станимир Стоилов тізгінін ұстаған Елорданың ұжымы Қазақстанда теңдессіз ұжым екендігін ақыры дәлелдеді. 23 мәрте өткен ел біріншілігінің қорытындысы бойынша олар 45 ұпай еншілеген еді. 32 футболшыны (легионер- 11, отандық- 21) жасыл алаңға шығарған. Олардың ішінде 13-і нәтижелі соққының авторы атанып, бар-жоғы 63 гол соқса, Владимир Логиновский мен Ненад Эрич құрған қақпашылар жұбы 26 рет допты қақпадан алып шығуға мәжбүр болған.  Аталған маусымда ҚПЛ сұрмергені болып 16 голмен «Астананың» ОАР-лық шабуылшысы Фокси Кетевоама танылған еді.

Фото: fca.kz

Шамкен Байырбек

 

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал

Пікірлер (0)