07.09.2018, 15:23 1496 Атырауда алғаш рет таеквондодан Азия чемпионаты өтіп жатыр

Бүгін Атырауда таеквондодан Азияның І ашық біріншілігі өтуде. Рейтингілік турнирге 15 мемлекеттен 400-ге жуық спортшы қатысуда, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА тілшісі ҰОК ресми сайтына сілтеме жасап.

Спортшылар додасы Хиуаз Доспанова атындағы мұз сарайында өтуде. Үш күнге созылатын бәсекеде құрлық үздіктері анықталмақ. 

Чемпионаттың ашылу салтанатында Қазақстандағы Оңтүстік Корея елшісі Ким Дэ Сик, Азия таеквондо одағының президенті Кю Сэок Ли, ҚР ҰОК бас хатшысының орынбасары, спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері Конфедерациясының бас директоры Елдос Рамазанов және Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты.

«Бұл менің Атырауға екінші рет келуім. Таеквондоның дамуына Қазақстанның қосар үлесі зор екеніне сенімдімін. Ұйымдастырушыларға зор алғыс айта отырып, Қазақстан спортшыларының Азия ойындарына сәтті өнер көрсеткенін атап өткім келеді. Мұндай тынымсыз еңбек түбінде Токио жүлдесіне айналарына сенімдімін», - деді Қазақстандағы Оңтүстік Корея елшісі Ким Дэ Сик.

ҚР ҰОК бас хатшысының орынбасары, спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері Конфедерациясының бас директоры Елдос Рамазанов мұндай ірі жарысты өткізуді Қазақстанға сеніп тапсырғаны үшін Азия таеквондо одағының басшылығына ҚР ҰОК атынан алғыс білдірді. 

«Жазғы Азия ойындарында біздің спортшыларымыз жақсы нәтиже көрсетті. Бүгінгі чемпионат қатысушыларының барлығына сәттілік тілеймін», - деген Елдос Рамазанов аймақтағы спорттың дамуына зор үлес қосқан Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевты да ерекше атап өтті.

Еске сала кетейік, былтыр Атырауда таеквондодан тұңғыш рет жастар арасындағы Азия чемпионаты өткен болатын. Аталған сынға 26 мемлекеттен 500-ге жуық спортшы қатысты.

Жастар арасындағы біріншілікті жоғары деңгейде өткізгені үшін Атырау қаласы ересектер арасындағы чемпионатты қабылдап отыр.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал