01.10.2018, 11:14 7983 Атырауда үш ел боксшылары арасында турнир өтіп жатыр

Атырау қаласында Қамбар Андашевтың рухына арналған бокстан ашық республикалық турнир басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сайысқа Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінен және еліміздің 8 өңірінен 100-ден астам боксшы қатысуда. Жасөспірімдер арасындағы бұл дода жылма-жыл дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.
Жарыстың ашылу салтанатына Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржауған Төлеуова, Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Мардан Сейтқалиев және Қамбар ағамыздың туыстары қатысты.
Қамбар Сағынұлы Андашев 1957 жылы 30 қыркүйекте Гурьев облысы, Махамбет ауданы, Махамбет ауылында дүние келген. Бала күнінен спортқа жақын болып, 1975 жылы орта мектепті бiтiргеннен кейiн, Алматы мемлекеттік дене тәрбиесі және спорт институтына оқуға түскен. 1979 жылы туған ауылы Махамбетте балалар-жасөспiрiмдер спорт мектебінде жаттықтырушы болып еңбек жолын бастайды. 1980-2000 жылдар аралығында жаттықтырушы, мектеп директорының орынбасары болып еңбек етті. 2000-2001 жылдарда Махамбет аудандық туризм және спорт бөлімiнің бастығы қызметін атқарды. Қамбар Андашев осы спортты жанына серiк еткен жылдар ішiнде оның шәкірттерi түрлі жарыстардың жеңімпазы болды. Бокстан КСРО-ның спорт шебері.
Айта кетелік, дүбірлі дода 3 қазанға дейін жалғасады.
  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал