20.11.2017, 16:01 9831 "Айына шамамен 2 000 000 теңге жұмсаймын"

Қалың жұртқа «Найман» деген лақап атпен танымал аралас жекпе-жек файтері Қуат Хамитов sport.inform.kz сайтына сұқбат берді.

- Питер Куилли сіздің келесі қарсыласыңыз екені анықталды. Ол туралы не айта аласыз?

- Питер Куилли – Еуропаның атышулы спортшыларының бірі. Тек үлкен тұжырымдарда ғана өнер көрсетеді. 14 кездесу өткізіп, оның 10-ын жеңіспен аяқтаған. Қалған 4 кездесуде ғана қарсыласқа жол беріп қойған екен. Бұл тұста айта кету керек, нокаутпен немесе ауырту тәсілімен ешқашан жеңіліп көрмеген. Қысқасы, нағыз ирландық жауынгер десем қателеспеймін.

- Ирландиялық жауынгерге қарсы арнайы тактика қолданыла ма?   

- Әрине, әрбір жекпе-жекке дайындық кезінде белгілі бір тактиканы қолданамыз. Питер сықылды спортшыларға қарсы арнайы әдіссіз шығуға әсте болмайды. Ирландиялықты тұсап ұстаудың амалын табамын. Оған алаң болмаңыздар.   

- Тактика демекші, сіздің бапкерсіз дайындық жүргізетініңізді білеміз. Қалай ойлайсыз, соңғы сәтсіздіктерге бапкердің жоқтығы әсер еткен жоқ па?

- 25-ке жуық кездесу өткіздім. Сол кездесулерде маған көмек көрсетіп, қол ұшын созған бір пенде жоқ. Бүгінгі бар жетістікке ешкімнің көмегінсіз өзім жеттім деп айта аламын. Оның үстіне Қазақстанда бізді баптайтын білікті маман да жоқ. Жиған-терген тәжірибеме сенемін. Бапкерсіз де бұл күндері биіктерді бағындырып жүрмін. Солай жалғаса да береді.

- Алдағы  жекпе-жекке дайыдық қалай? Жаттығу жұмыстарын қайда жүргізіп жатырсыз?

- Алматыда жаттығып жатырмын. Осында жұптас-серіктестеріммен күн-түн демей, кездесуге дайындық жұмыстарын жүргіземін.  Соңғы кездері күресу мен жұдырықтасуға көп көңіл бөліп жүрмін. Барлығы өзім жоспарлағандай өтуде. Дайындық жаман емес.  

- Негізі көбінесе Қытай,Таиланд елдерінде дайындалады деп естиміз. Туған жерде жаттығуға не кедергі?

Таиланд елінде жетіскеннен жүрген жоқпын. Қазақстанда тай еліндегідей жұптас-серіктестер жоқтың қасы. Оған қоса мұнда жер шарының түкпір-түкпірінен жиылған тәжірибесі мол арнайы жаттықтырушылар бар. Сондай-ақ, ауа райы мәселесі де спортшы үшін үлкен маңызға ие. Бұл кішкентай корольдікте ызғарлы қыс жоқ. Бірқалыпты ауа температурасында ауырып қаламын деген қорқыныш тумайды.    

- Не дегенмен шетелдегі тариф қымбат қой. Әлде демеушіңіз бар ма?

Үлкен спортқа келгеніме 15 жыл, ережесіз жекпе-жекпен айналысып жүргеніме 6 жылдан асты. Айтылған уақыт аралығында өте көп қаражат жұмсалды. Бүгінге дейін бірде-бір адам қаржылай көмектескен емес. Барлығын өз қалтамнан төледім. Тіпті, сіз сұраған  демеушім де жоқ екен.

- Көп қаражат жұмсалды деп айтып қалдыңыз. Бір айлық шығыныңызды есептеп көрген жоқсыз ба? 

- Айына шамамен 2 000 000 теңге болып қалады. Шығын дей алмаймын, тек спортқа кеткен ақша шығын емес.  

- Ал, енді Владивостоктағы жекпе-жекке оралайықшы. Сіз дәл сол «Фетисов-Аренада» Алибековты қарымта кездесуге шақырған едіңіз. Ұрыстың уақытын келістірдіңіздер ме?

- Жекпе-жек аяқталғаннан кейін мен оны қарымта кездесуге шақырдым. Оны білесіздер. Қалың жұрттың көзінше қарсы еместігін айтқан ол баспасөз мәслихатында басқаша сөйлеп, құбыла бастады. Кездесуді ұйымдастырушылар шешетінін алға тартып, менімен ұшырасудан қашқандай сыр көрсетті. Енді ұрыстың қашан өтетіні әзірге беймәлім. Ирландиялық Питер Куиллиді жеңіп жатсақ, келесі кездесу титулдық жекпе-жек болатыны анық. Тезірек әлем чемпионы атағын қайтару үшін бар күш жігерімді сарп етуге дайынмын.  

- Уақытыңызды бөліп, сұрақтарымызға жауап бергеніңізге алғыс білдіреміз. Алматыдағы жекпе-жекте жеңіс тілейміз.

- Рақмет!

Мұхтар Жәмішжанов

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал