08.11.2018, 11:02 389 Азиада чемпионы Гузалия Ғафурова әлем чемпионатына қатыспауының себебін түсіндірді

Бұл күндері Испания астанасы Мадридте каратеден әлем чемпионаты өтуде. Дүбірлі додаға Жасталап Санауов баптайтын Қазақстан құрама командасы да қатысуда, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА тілшісі ҰОК ресми сайтына сілтеме жасап.

Алайда, Джакартада өткен Азия ойындарының чемпионы Гузалия Ғафурова жекелей сыннан сырт қалды. Командалық бәсекеде ғана бақ сынайтын Ғафурова өз салмағында жарысқа қатыспауының себебін түсіндірді.

«Мадридке командалық жарысқа қатысу үшін келдім. Ал жекелей сынға қатыспауымның екі себебі бар. Біріншіден, әлем чемпионатына қатысу үшін жыл бойы қажетті ұпай жинау керек. Мен екі жылдан бері ресми жарыстарға қатыспай, бала күтіміне байланысты спорттан алыстап кеттім. Сол себепті, әлем чемпионатына қатысуға рұқсат беретін ұпайды жинап үлгермедім. Қазір рейтингте 104-ші орында тұрмын. Алдағы уақытта ұпайымды еселей түсерім сөзсіз», - дейді Ғафурова.

Сондай-ақ, Гузалияның жарақаты да толығымен айыққан жоқ. 

«Азия ойындарында қабырғамды жарақаттап алғанымнан жанкүйер хабардар. Сол сырқатым да әлі хабар беріп тұрады. Десе де, командалық сында барымды салатыным анық», - дейді ол. 

Еске сала кетейік, Гузалия Ғафурова екі жылдық үзілістен соң спортқа қайта оралып, Азиада чемпионы атанған.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал