26.07.2018, 11:29 1834 «Азиадаға соңғы дайындықты Астанада өткіземіз» - Мырзағали Айтжанов

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов Индонезияның астанасы Джакартада 18 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында өтетін Азиада ойындарына дайындық барысы жөнінде айтып берді.

- Мырзағали Құланұлы, XVIII Азиада ойындарына да бір айдан аз уақыт қалды. Биылғы жылдың басты додасына дайындықтарыңыз қалай?

- Дайындығымыз өте жақсы. Шілденің басында Алматыда, Алатау бөктерінде кезекті оқу-жаттығу жиынымызды бастаған болатынбыз. Бүгін жігіттерді қысқа мерзімге, яғни бір апталық демалысқа үйлеріне жіберіп жатырмын. Ондағы мақсат - ұзақ жаттығудан кейін кім болса да, отбасын сағынады. Ауылдың айран-сүтін ішіп, қазы-қартасын жегісі келеді. Сол үшін осындай шешім қабылдадық.

- Алматыда өткен оқу-жаттығу барысы туралы қысқаша айтып өтсеңіз...

- Негізі Алматыда жалпы дене дайындығын өткіздік. Таза ауада жақсылап күш-қуат алды деген ойдамын. Жігіттер 3 200 метрге дейін тау шыңына шығып жаттықты. Одан бөлек Алатау етегінде қыр-сайлармен күнделікті жүгіріп тұрды. Сонымен қатар таудың тасымен жаттығу жасадық. Бокстасуды да ұмыт қалдырған жоқпыз. Спарринг жаттығуларды да жиі жасадық. Бізбен бірге бокстан жастар құрамасы да оқу-жаттығу жиынын өткізді. Олар әлем біріншілігіне дайындалды. Осы орайда біздің құраманың жігіттері оларға ағалық ілтипатын көрсетіп, бірге жаттығу өткізді. Біз ертеңгі үміттеріміз - жас боксшыларымызға қолдау көрсеттік.

- Енді, Азиадаға соңғы оқу-жаттығуларыңыз қашан, қайда өтеді?

- Соңғы оқу-жаттығуымыз арнайы техника-тактикалық жағынан дайындық болмақ. Біз оны Астанада өткіземіз. Қысқа демалысқа кеткен жігіттеріміз 4 тамыз күні елордадағы жаттығу базасында бас қосады. Біз онда 16 тамызға дейін дайындалып, сол күні кеште Джакартаға ұшып кетеміз. Жарыстың ашылу салтанатына қатысамыз. Өздеріңіз білетіндей, біздің құраманың мүшесі Әбілхан Аманқұл Азиаданың ашылу салтанатында Қазақстан туын алып шығады.

- Азиададан қанша медаль алуды көздеп отырсыздар?

 - Биыл Азиадада бокстан ерлер арасында тек жеті-ақ медаль жиынтығы сарапқа салынады. Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы Азиада бағдарламасынан 81, 91 және 91+ келі салмақ дәрежелерін алып тастаған. Бұл үш салмақтағы жігіттеріміз үшеуі де бас жүлдеден үміткер жігіттер болатын. Бірақ, біз апаратын жеті боксшы да - өз салмақтарының саңлақтары. Сондықтан кемі екі алтын деп отырмыз.

- Азиадаға баратын жігіттер туралы қысқаша айта кетсеңіз...

- Әр боксшының жетістіктері, ерекшеліктері туралы жеке-жеке айтпай-ақ қояйын. Себебі олар - осыған дейін талай сындарда ел намысын қорғап жүрген белгілі боксшылар. Аттарын ғана атап, оқырман есіне салайын. 49 келіде Теміртас Жүсіпов, 52 келіде Азат Махметов, 56 келіде Қайрат Ералиев, 60 келіде Саматәлі Төлтаев, 64 келі салмақта Бекдәулет Ибрагимов, 69 келіде Асланбек Шымбергенов және биылғы Азиаданың ең ауыр салмақтағы боксшысы, яғни 75 келі салмақта Әбілхан Аманқұл ел намысын қорғайды.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал