15.07.2018, 3:03 1303 Азия чемпионаты: «Алтай» тікелей жартылай финалға жолдама алды

Өскеменде клубтық әйелдер командалары арасындағы волейболдан Азия чемпионатының төртінші күні аяқталды. Барлығы төрт матч ойналып, оның ішінде соңғы ойын жергілікті «Алтай» мен вьетнамдық ««VTV Бин Дьен Лонг Ан» командалары арасында өтті.
Жоғарыда аталған екі ұжым арасында тікелей жартылай финалға жолдама ойнатылды. Бұл жарыспен қатар, футболдан Әлем чемпионатының қатар өткендігін ескерсек, Б.Александров атындағы спорт сарайына халық айтарлықтай мол жиналды. Қалалықтар өздерінің сүйікті «Алтай» клубының ойынын көруді жөн санаған екен.
Шаһарда кімнің қожайын екенін шығысқазақстандық волейболшылар бірден байқатты. Алғашқы ұпайды вьетнамдықтар олжаласа да, артынша ойын басқаша сипатта өрбіді. Шаршакова, Дробышевская, Аниконова ойын сайын қарқындарын үдете түсті. Баспасөз конференциясында «Алтайдың» бас бапкері Юрий Панченко айтқандай, алғашқы минуттардан-ақ бар күшін салып ойнауды тапсырған. Осының бір дәлелі тосқауылда Наталья Шаршакова аса сауатты ойнады. Жалпы 14 ұпай жинаса, бір тосқауылмен-ақ 9 ұпай алды. Тіпті, алған жарақатына қарамай үздік шабуылшылардың бірі болып қала берді.
Ары қарай тартысты ойын дегеннен гөрі, тас-талқан етіп ұтылу деп айтсақ болар. Наталья Шаршакова тосқауылдарын жиілетіп жіберді. Ал Акилова қарсыластың бос тұрған аймағына допты сан рет тастап, көрермендердің де айызын қандырды. Кристина Аниконова болса, допты ойынға қосарда вьетнамдықтарға үлкен қиындық тудырған еді. «Алтай» ұпай бойынша ұзап кеткені соншалық, бас бапкер алаңға Айнаш Айжарықованы қосты. Ол да өзінің алғашқы ұпайын алып үлгерді.
Қорытынды есеп - 3:0 (25:17, 25:21, 25:15). Келесі ойынын өскемендік бұрымдылар тек сейсенбі күні, тікелей жартылай финалда өткізеді. Басым жағдайда, оларға жапониялық «НЕК Ред Рокетс» клубы қарсылас атанып қалуы мүмкін. Себебі бұл ұжым дүйсенбі күні Қытайлық Тайпеден келген «CMFC»-тен басым түсулері әбден ықтимал.
Айта кетейік, өткен жылы аймақ басшысы Даниал Ахметовтың бастамасымен елімізде алғаш рет әйелдер клубтары арасында волейболдан Азия чемпионаты өткен болатын. Ауқымды шараны өткізу үшін Б.Александров атындағы спорт сарайының алаңы және жаттығу бөлмелері толық жаңартылып, Азия волейбол конфедерациясы талабына сай келген еді. Енді биыл аталмыш ұйым ауқымды доданы екінші жыл қатарынан шаһарымызда өткізуге келісімін берді.

 

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал