01.08.2018, 10:33 765 Азия ойындарына біртұтас команда жасақтау үшін Солтүстік Корея спортшылары Сеулге келді

Солтүстік Кореяның 34 адамнан құралған (спортшылар мен бапкерлер) тобы жексенбі күні Кореяға келді. Олар Джакартадағы Азия ойындарына тұтас бір команда болып қатыспақшы, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА тілшісі ҚР ҰОК ресми сайтына сілтеме жасап.

Делегация құрамына 18 каноэші, сегіз ескек есуші, төрт баскетболшы қыз және оларды ертіп жүретін төрт адам енген. Олар Пхеньяннан Бейжің арқылы Инчхон халықаралық әуежайына келіп, Сеулден оңтүстікке қарай 150 шақырымда орналасқан Чхонджуға кетті. Екі апта бойы олар Чхонджоуда оңтүстіккореялық спортшылармен бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізеді. 

Екі ел арасындағы қарым-қатынас жұмсарып, ақпан айында өткен Олимпиада ойындарында екі елдің хоккейден әйелдер командасы бір ту астында шыққан болатын. Осы тәжірибеден соң Сеул мен Пхеньян 18 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында Джакарта мен Палембанг қалаларында өтетін Азия ойындарына тұтас бір команда болып шығуды ұйғарды. 

Алғаш рет Солтүстік Корея мен Оңтүстік Корея спортшылары 1991 жылы Женевада өткен үстел теннисінен әлем чемпионатында бір команда есебінде қатысып, бір алтын, бір күміс және екі қола медаль жеңіп алған болатын.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал