27.09.2018, 1:48 5922 «Барыс» буллитте «Виттязьдан» басым түсті

Құрлықтық хоккей лигасының аясындағы 10-шы кездесуін өткізген елорданың «Барыс» хоккей клубы кеше Мәскеу түбінде «Витязьді» жеңді. Осылайша турнир кестесінің 6-шы сатысына нық орналасқан жерлестеріміздің қоржынына 13 ұпай жиналды,деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА тілшісі «Астана» Президенттік клубына сілтеме жасап.

 

"Витязь" (Мәскеу обл, Ресей) – "Барыс" (Астана, Қазақстан) – 3:4Б (1:1, 0:2, 2:0, 0:0, 0:1 )

0:1 – Кормье (Старченко, Петерссона) 01:00

 

1:1 – Макеев (Никулин, Столяров) 12:19

 

1:2 – Фрэттин 25:38

 

1:3 – Блэкер (Старченко, Петерссон) 31:02 ГБ

 

2:3 – Столяров (Евсеенков, Чернов) 44:49 ГБ

 

3:3 – Мозик 59:40

 

3:4 – Фрэттин БП

 

Матчты қарқынды бастаған Андрей Скабелка шәкірттері 1-ші минутта-ақ айдын иелерінің қақпасынан саңылау тауып, жылдам гол соғып алды. Андре Петерсон мен Роман Старченконың комбинациялық шабуылынан кейін шайбаны қақпаға тура бағыттаған Патрис Кормье болатын. Алайда, «Витязь» да қарап қалған жоқ. Араға 10 минут салып, таразы басы теңесті. Осылайша бірінші кезең 1:1 есебімен аяқталған.

 

Кездесудің екінші кезеңінде «Барыстың» ойыны түлеп сала берді. Кем құрамда қалғанымен елордалықтардың қорғаушылар бригадасы өздеріне берілген уақытты тамаша атқарып шықты. Тіпті, гол да соққан. Бірақ бейнеқайталауға жүгінген төрешілер Әлихан Әсетовтің бұл голын есепке алмай тастады. Дегенмен, Мэттью Фрэттиннің голын санамай тастауға жүректері дауалаған жоқ. Таза ойын шеңберінде соғылған еді. Канадалық легионеріміздің соққысынан кейін шайба қорғаушының конькиінен серпіліп, қақпаға әдемі сырғыған еді. Өздеріне деген сенімділікті сезінген «Барыс» бұл голға да қанағат білдіріп қалған жоқ. Тағы да шабуылын үдете түсіп, Роман Старченко оң қапталмен жүйткіп келген әріптесі Джесси Блэкерді көріп қалды да, шайбаны сол жаққа сырғыта салды. Ал канадалық қорғаушы көп ойланған жоқ, бар пәрменімен қақпағаның алыс бұрышына соқты. Осылайша екінші периодты 3:1 есебімен өз еншімізге жаздық. Енді соңғы таймда айдын иелерінің шабуылдарына төтеп беру ғана қалған еді. Өкінішке қарай, кездесудің аяқталуына 20 секунд қалғанда «Витязь» таразы басын теңестіріп кетті. Қорытынды есеп – 3:3.

 

Овертаймда есеп өзгермегендіктен кездесу тағдыры буллит сериясында шешілді. Бұл жолы «Барыстың» жолы болып, Мэттью Фрэттиннің ұмтылысы елордалықтарға жеңіс әперді.

 

- Хоккейде әрбір секундың үлкен рөл ойнайды. Сондықтан, жігіттерге бір сәтке де босаңсымау қажет. Ал біз «Витязьды» 3:1 есебімен ұтып жатып, есепті теңестіруге мүмкіндік беріп қойдық. Бұл бірінші рет емес. Дегенмен, еңсе түсірмей, соңына дейін айқасып, жеңісті жұлып алғандары үшін алғыс айтамын, - деді «Барыстың» бас бапкері Андрей Скабелка.

 

Енді «Барыс» келесі кездесуін 29 қыркүйек күні Латвия астанасы Ригада жергілікті «Динамоға» қарсы өткізіп, түздегі ойындар сериясын аяқтайды.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал