13.08.2018, 8:19 6133 «Барыс» ҚР Президенті кубогында үшінші орынға ие болды

Елордамызда шайбалы хоккейден Президент кубогы мәресіне жетті. Төрт күнге созылған дүбірлі додада бас жүлдені Ресейдің «Амур» командасы жеңіп алды, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА тілшісі «Астана» Президенттік клубының ресми сайтына сілтеме жасап.

 

Бір қызығы, Хабаровскінің командасын турнирдің бірінші күнінде «Барыс» 2:1 есебімен тізе бүктірген. Бұл туралы жазғанбыз. Дегенмен, қалған екі кездесуін елордалықтар, өкінішке қарай, жеңіліп қалды. Алдымен Нижнекамскінің «Нефтехимик» командасынан жеңілді. Президент кубогының өткен маусымдағы жеңімпазы матчты бірден қарқынды бастап, бірінші кезеңде-ақ «Барыс» қақпасына 3 гол соқты. Андрей Скабелка шәкірттері бір-ақ тура соққымен жауап бере алды. Екінші таймда жерлестеріміз намысқа тырысып, Шевченко мен Михайлистің шайбаларынан кейін таблодағы көрсеткішті теңестірген. Бірақ, соңғы шешуші кезеңде ойындары жүрмей, қақпаларына тағы үш шайба өткізіп алды. Қорытынды есеп – 3:6.

 

Одан кейін «Барыс» турнирдің соңғы күнінде Қазақстан құрамасымен кездесті. Өз кезегінде ұлттық құрама ойыншылары бұған дейін «Нефтехимиктен» 1:4 есебімен ұтылып, келесі кездесуінде «Амурдан» 0:4 нәтижесімен ойсырай жеңілген еді. Алғашқы екі күнмен салыстырғанда Андрей Скабелка команда құрамына бірқатар өзгерістер енгізіп, жаңа ойыншыларға мүмкіндік беріп көрді. Ал матч алма-кезек шабуылмен өрбіп, «Барыстың» әр тура соққысына лайықты жауап қайтарып отырды. Тіпті, жеңіліп жатқандықтан соңғы минуттарда Андрей Скабелка қақпашысын алып тастап, айдынға қосымша тағы бір ойыншы қосты. Нәтижесінде, кездесудің аяқталуына 18 секунд қалғанда Кормье есепті теңестіріп, матч овертаймға ұласты. Бірақ, ерекше қарқын алған Қазақстан құрамасын тоқтату мүмкін емес еді. «Номад» шабуылшысы Дмитрий Преснов шешуші голды соғып, 4:3 есебімен жеңіске ұлттық құрама жетті.

 

Ал бас жүлде биыл «Амурға» бұйырды. Турнирдің соңғы күнінде Хабаровскіден келген қонақтар «Нефтехимикті» 2:1 есебімен тізе бүктіріп, Президент кубогының иегері атанды. Екінші орын Ресейдің екінші командасына бұйырса, «Барыс» үшінші орынды қанағат қылуға мәжбүр болып, турнирді өте тамаша аяқтаған Қазақстан құрамасы 4-ші орынмен қорытындылады.

 

Енді «Барысты» Башқұртстан астанасы «Уфада» өтетін Республика кубогы күтіп тұр.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал