10.08.2018, 12:36 2464 «Барыс» Президент кубогын жеңіспен бастады

Елордамызда шайбалы хоккейден дәстүрлі Президент кубогы басталды. «Барыс» хоккей командасы турнирдің алғашқы турында Хабаровскінің «Амурын» тізе бүктірді, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА тілшісі «Астана» Президенттік кәсіпқой спорт клубына сілтеме жасап.

 

Алдымен мұз айдынына Қазақстан құрамасы мен Нижнекамскінің «Нефтехимик» командалары шыққан. Ұзақ уақыт қос команда бір-бірін ала алған жоқ. Бірінші кезеңде сол күйі есеп ашылмады. Екінші кезең де бір сыдырғы өтіп жатқан. Кенет, қонақтар екі минуттың ішінде екі шайба соғып, Қазақстан құрамасының жағдайын қиындатып тастады. Үшінші кезеңде жерлестеріміз таблодағы көрсеткішті қысқартқанымен «Нефтехимик» хоккейшілері қақпамызға тағы екі гол соқты. Қорытынды есеп – 1:4.

 

Одан кейін мұз айдынына «Барыс» пен «Амур» шығып, бұл жолы да командаларға есеп ашу үшін жарты сағаттай уақыт қажет болды. Даллмэн мен Петерссонның комбинациясынан кейін Никита Михайлис есеп ашып, таразы басын «Барыс» жағына қарай аударды. Бірақ, негізгі уақыттың аяқталуына 20 секундтай уақыт қалғанда қақпашыларының орнына ойыншы шығарған қонақтар таразы басын теңестіріп кетті де, ойын овертаймға созылды. Ал овертаймда, қуанышымызға орай, Вертис Волк елордалықтарға жеңіс сыйлады. Қорытынды есеп – 2:1, «Барыс» турнирді жеңіспен бастады.

 

Енді бүгін Андрей Скабелка шәкірттері «Нефтехимикпен» кездеседі. Қазақстан құрамасын «Амур» күтіп тұр. Президент кубогындағы бар мәселе осы ойындарда шешілуі әбден мүмкін.

 

Өз кезегінде «Барыстың» ресми сайты бұл турнирге Брэндон Боченскидің неліктен қатыспайтындығын түсіндіріп берді. Халықаралық хоккей федерациясының ережесі бойынша, Боченски тек 1 қыркүйектен бастап ресми ойындарға қатысуға құқық алады екен. Өйткені, хоккейші былтыр спорттық карьерасын аяқтайтынын мәлімдеген. Яғни, Президент кубогынан бөлек, Боченски Уфада өтетін Башқұртстан Республикасының кубогын да трибунадан тамашалайды. Осылайша канадалық форвард бір жылдық үзілістен кейінгі алғашқы матчын 5 қыркүйек күні Құрлықтық хоккей лигасының 1-ші туры аясында түзде «Нефтехимикке» қарсы өткізе алады.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал