03.07.2018, 10:20 864 Бекболат Тілеухан «Астана кубогы» бәйгесі жайлы айтып берді

Елордада санаулы күндерден кейін басталатын «Ұлы Дала рухы» фестивалі аясында өтетін «Астана кубогы» бәйгесі үлкен (25 шақырым) және кіші (16 шақырым) аламан атты екі сайыстан өтеді. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық Спорт түрлері қауымдастығы президенті Бекболат Тілеухан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетсек, Астана қаласының 20 жылдығына арналған ұлттық спорттың сегіз түрінен үш айға созылатын дода 16 қыркүйекке дейін жалғасады.

«Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан «Ұлы Дала рухы» фестиваліне арнайы бюджеттен ақша бөлінді. Жасыратыны жоқ, ұлттық спорт оңтүстік өңірлерде ғана өте жоғары дәрежеде дамыған. Сондықтан, жарысты министрлік және қауымдастық тарапынан ойласа келіп, әр өңірлерде өткізу керек деп шештік. «Ұлы Дала рухы» фестивалінің іріктеу кезеңдері солтүстік аймақтар үшін Астанада, шығыс өңірлеріндегі спортшылар үшін Павлодарда өткізіледі. Сол секілді батыс жақта, Маңғыстауда көкпар командасы қалай жақсы дамып келе жатыр. Атырау облысында әкімшіліктің қолдауымен ұлттық спортты дамыту үшін пәрмендер болып жатыр», - дейді Бекболат Тілеухан.

Мәжіліс депутаты сонымен бірге, 6 шілдеде өтетін «Астана кубогы» бәйгесі туралы толығырақ мәлімет берді.

«Астананың 20 жылдығы әр қазақ баласының рухының, елдігінің мерекесі екенін білетін болсақ, мұндай мерекеде ат шаппаса үлкен сын болады. Кез келген тойда ат шаптырып, бәйге жасайды. Бәйге - қазақ үшін салтанаттың ең биік шоғыры. Тура осы сөзімді Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевке айттым. 6 шілде күні жақсылап тұрып, бір бәйге жасаймыз деп отырмыз. Жүлде қоры - 20 миллион теңге болады. Бәйге - үлкен және кіші аламаннан өтеді (25 шақырым және 16 шақырым). Осы уақытқа дейін 14 облыстан және 2 қаладан қатысады деп келгенбіз. Ал қазір жоспар жақсы жағына өзгеріп, 14 облыстан және 3 аймақтан келетін болды, яғни Шымкент қаласы мен Түркістан облысы қосылды. Әр жерден екі атқа ғана лимит беріледі. Содан кейін спорт басқармалары ең мықты аттарын жарысқа қосады», - дейді ол.

Бекболат Тілеуханның айтуынша, үлкен аламаннан топ жарғаны үшін бірінші орынға - 20 мың АҚШ доллары беріледі.

«Қысқа қашықтықтағы бәйгелерді өткізіп жатқандар бар. Ол Еуропа елдерінде де ұйымдастырылады. Ал біз қазақы бәйгеге көбірек ден қойып отырмыз. Ең азы бізде - 16 шақырым. Оны біз кіші аламан деп отырмыз. Үлкен аламан - 25 шақырым. 20 мың долларлық жүлдені 25 шақырымда кім топ жарады - сол алады. Ал үлкен аламанда екінші орынға 10 мың, үшінші орынға 5 мың доллар, төртінші орынға 650 мың теңге, бесінші орынға 500 мың теңге табысталады. Ал енді кіші аламанның бас бәйгесі - 10 мың доллар болады», - деді Бекболат Тілеухан.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал