09.02.2018, 4:20 310 Бір кем гол - Қазақстан құрамасы испандықтарға жол берді

Словенияда футзалдан өтіп жатқан Еуропа чемпионатының жартылай финалында Қазақстан мен Испания құрамалары алаңға шықты.
Бұл ойынның фавориті, әрине, осыған дейін жеті мәрте Еуропа чемпионы атанған испандықтар еді. Ал қазақстандықтар бұдан екі жыл бұрын Еуропа біріншілігіне тұңғыш рет қатысып, қола жүлдеге қол жеткізген. Ол чемпионатта Какаудың шәкірттері жартылай финалда дәл осы испандықтарға 3:5 есебімен есе жіберген еді. Бірақ сол матчта әлемнің үздік қақпашыларының бірі Игита ойнай алмаған болатын.
Ойынды қазақстандықтар ширақ бастап, бірнеше мүмкіндікті жіберіп алды. Дегенмен 8-минутта Дуглас Жуниордың дәл пасынан кейін Тайнан есеп ашты. Әйтсе де 16-минутта бұрыштамадан берілген доптан кейін Шыңғыс Есенаманов өз қақпасына гол енгізіп алды. 19-минутта тағы да стандартты жағдайдан соң Тольра қақпа бұрышын дәл көздеп, Испанияны алға шығарды.
Екінші таймда қазақстандықтар өзінің басты көзірлерінің бірі - қақпашы Игитаны ойынға қосты. 25-минутта Игитаның алыстан шірене тепкен добы қақпадан бір-ақ шықты. Іле-шала Дуглас Жуниордың тағы бір тамаша пасынан кейін қақпа алдында тұрған Павел Таку өз мүмкіндігін қалт жіберген жоқ. Испандықтар 29-минутта тағы бір стандартты жағдайды пайдалана біліп, Бебенің пасынан кейін Хоселито таразы басын теңестірді. 34-минутта Дәурен Нұрғожиннің қателігінен кейін Пола Испанияны қайта алға шығарды. Кездесу бітуге бір минуттай уақыт қалғанда, Дуглас Жуниордың алыстан тепкен соққысын испаниялық қақпашы Седано қайтара алмады.
Осылайша, негізгі уақыт 4:4 есебімен тең аяқталды. Бес минуттан қосымша тағы екі тайм белгіленді. Қазақстандықтар алтыншы мәрте ойын тәртібін бұзғаннан кейін испандықтар айып добын соғуға мүмкіндік алды. Мигелиннің соққысы қақпа жақтауынан кері қайтты. Дегенмен 43-минутта дәл осы Мигелиннің тепкен добына Игита қайран қыла алмады. Қазақстандықтар қарап қалмай, 48-минутта Тайнанның ғажап пасынан кейін Серік Жаманқұлов таразы басын қайта теңестірді. Сөйтіп, қос экстра-тайм да жеңімпазды анықтай алмады. Кезек пенальтиге келді. Мигелин 6 метрлік нүктеден мүлт кетпесе, Тайнанның соққысын Седано қайтарды. Содан кейін испандықтардың капитаны Ортиз бен Михаил Першин өз айып добын дәл орындады. Сосын Линнің соққысы испандықтарды финалға алып шықты. Финалға бергісіз болған матч барысында, әсіресе, Дуглас Жуниордың шебер ойын өрнегін көрсеткенін айту керек. Ол шабуыл шебінде ғана емес, қорғаныста да сауатты ойнады.
Сонымен, 10 ақпан күні финалда Испания Португалия құрамасымен алтын жүлдені сарапқа салады. Ал қазақстандықтар ресейліктермен қола медаль үшін шеберлік байқасады.

 

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал