11.06.2018, 17:47 1634 «Арум есігін тек чемпиондарға ғана ашады» – Марат Мәзімбаев Top Rank пен Әлімханұлының серіктестігі жайлы

IBA, WBO тұжырымы бойынша интерқұрлық чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Марат Мәзімбаев атақты промоутерлік компаниямен келісімшартқа отырған Жәнібек Әлімханұлы жайлы пікір білдірді, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА тілшісі.

- Марат Кененбайұлы, бүгін Жәнібектің Top Rank промоутерлік компаниясымен келісімге келгені белгілі болды. Әңгімені осыдан бастасақ...

- Иә, естігенде төбеміз көкке жетті. Бауырымызды шын жүректен құттықтаймыз. Талабына жетсін! Ал, енді сұрағыңызға оралайын. Боб Арумды қазіргі кәсіпқой бокста нөмірі бірінші промоутер дер едім. Оның қол астында мыңдаған спортшылар жасындай жарқылдап, биік белестерді бағындырып келеді. Top Rank ұжымында спортшы үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда есік тек чемпиондарға ғана ашылады. Алдағы уақытта Әлімханұлыны да осындай бақ күтіп тұр деп сенгім келеді.

- Әлімханұлының ендігі қадамы қандай болмақ?

- Мен оның келісімшартын толыққанды білмеймін. Шарт бойынша ол жылына кемінде 5-6 кездесу өткізетін болады. Әлбетте, жерлесіміз бастапқыда әлеуеті төмен боксшылармен жұдырықтасып, рейтингтегі жағдайын жақсарту үшін қамданады. Бұл бокста қалыпты үрдіс. Осы аралықта ол спарринг-серіктес таңдауда қателеспей, дайындықты одан ары жетілдіре түссе тамаша болар еді. Жәнібектің менеджері Эгис Климас бұл мәселелердің барлығын бұрыннан-ақ жоспарлап жүр деп сенемін.

Сондай-ақ, оқи отырыңыз - Тайсон мен Пакьяоның жолымен. Әлімханұлы енді кімдермен жұмыс жасайды

- Кәсіби маман ретінде айтыңызшы, отандасымыз қазір мұндай алып промоутерлік компанияның амбициясына сай келе ме?

- Top Rank өздері біздің жігітті шақырса, солай болып тұр ғой. Жәнікбектің техникасындай боксшылар көп емес. Айтылған компанияның құрамынан жерлесіміз үшін орын табылғаны таңқаларлық оқиға. Қазақстан үшін мақтанарлық жайт. Десе де, ол енді масаймай, өзін кәсіби тұрғыда жетілдіре түсуі қажет. 

- Нақты айтып өтсеңіз...

- Қорғаныста сақ қимылдау керек. Ол ашық мәнерде бокстасады. Ал, кәсіпқой бокста әр адымды аңдып басу керек. Әр жекпе-жек өткеннен кейін қатемен жұмыс жасаса, биік белестен көрінеді.

Айта кетейік, кәсіпқой бокста қазақстандық сайыпқыран екі кездесу өткізіп үлгерген еді. 2016 жылдың қазан айында ол колумбиялық Милтон Нуньесті (35-18-1, 31 КО) техникалық нокаутпен жеңсе, былтыр қыркүйек айында бразилиялық Жильберто Перейра дос Сантостан (14-7, 10 КО) басым түсті.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал