02.07.2018, 19:00 634 Боднардан басқасына алтын бұйырмады

Алматыда өткен Ғұсман Қосановты еске алуға арналған жеңіл атлетикадан халықаралық мемориалдың ерлер арасындағы секіру сайыстарының біреуінде ғана отандасымыз топ жарды.

Биіктікке секірудің алтынын Шымкенттің атлеті Антон Боднар жеңіп алды. Осының алдында Бішкекте Олимпиада чемпионы Колпакованың жүлдесіне арналған жарыста үздік шыққан Боднар Алматыда да тосылып қалмады.

Қосанов Мемориалының былтырғы жеңімпазы ирандық Кейван Ханбарзадех биыл тағы келіпті. Еліміздің атынан Антоннан бөлек, қарағандылық Юрий Дергачев пен алматылық Роман Лошкарев қатысты.

Соңғы 2 жыл көлемінде жазғы маусымда 2.20 метрден ешкім асып секірмеген. Ал XXVIII Ғұсман Қосанов Мемориалындағы отандастарымыздың көрсеткіші жеңіл атлетика мамандарына үлкен үміт сыйлап отыр.

2017 жылғы маусымда жарақатына байланысты жарыс жолына шықпаған Антон Боднар 2.22 метрді үшінші мүмкіндігінде бағындырып, чемпион атанды. Сосын 3 спортшы бірдей 2.18 метрге секіріп, жүлделерді тек қосымша көрсеткіштер бойынша бөлісті. Екінші орын ирандық Ханбарзадех бұйырса, қола жүлдеге Роман Лошкарев тұрақтады. Дергачев жарысты төртінші орынмен аяқтады.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал