29.10.2018, 9:50 1207 Бокс қозғалысының 85 жылдық мерейтойы аталып өтті

Астанада бокс қозғалысының 85 жылдық мерейтойы аталып өтті, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА тілшісі Қазақстандық бокс федерациясының ресми сайтына сілтеме жасап.

Бақтияр Артаев, Мерей Ақшалов, Нұржан Кәрібжанов, ағайынды Айбек пен Нұрбек Оралбай, Қанат Әбутәліп,  Ләззат Күнгейбаева, Мейірім Нұрсұлтанов сынды бокстың жарық жұлдыздары, жас буынның сүйікті кейіпкерлері көпшілікпен кездесіп, салиқалы сұхбат жүргізді. 

Бокс, оның ішінде бізге етене танымал болып кеткен ағылшын бокс стилінің олимпиадалық спорт ретінде тіркелуі, дамуы және бұл индустрияның тоғыз жолдың торабындағы қазақ жеріне де келуі заңдылық болатын. Сонау ел аштыққа ұшырап, жаппай коллективтендіру жүріп жатқан қиын қыстау заманда бокс спорт ретінде ұлы далаға келген. 85 жылды кейінге шегерсеңіз 1933 жылға тап боласыз. Қасиетті де қастерлі, барша қазақ елінің қара шаңырағы саналатын Маңғыстау өңірінің тумасы Шоқыр Бөлтекұлы ағаларымыз Алматыда алғаш жас өрендер тәрбиелеп бастаған. Кейін Қарағанды, Қызылорда, Орынбор, Қызылжар, Жамбыл, Шымкент, Таскент қалаларында спорт секциялары ашылды.

Бүгінгі мерекелік шара аясында осындай тарихи деректер насихатталып, меймандар арасында конкурстар ұйымдастырылып, түрлі сыйлықтар үлестірілді. Спорттық жаттығулар өтіп, әннен шашу шашылды. Бокстың жарқын өкілдері бұқарамен естелік суретке түсті.

"Қазақ боксының 85 жылдығы құтты болсын. Бұл біздің елімізде нөмірі бірінші спорт. Тәуелсіздік жылдарында ғана 7 Олимпиада ойындарының чемпиондары шыққан. "Астана Арланс" командамыз "Бүкіләлемдік бокс сериясы" турнирінің 3 дүркін жеңімпазы. Қай өңірімізді алып қарағанда талай мықты спортшыларымыз болған, бола береді де", - деп атап өтті"Астана Арланс" кәсіпқой бокс клубының Бас менеджері, 2004 Афина Олимпиадасының чемпионы, Баркер кубогының иегері Бақтияр Артаев.

Мерей Ақшалов: - "Барша спортсүйер қауымды қазақ боксының 85 жылдығымен құттықтаймын. Бұл мерейлі күнде біз спорт ардагерлерін, бокстың дамуына үлкен үлес қосқан азаматтарды еске аламыз. Солардың еңбектерін жастарға насихат қылып айтамыз".

"Хабар" агенттігінің спорт жаңалықтары қызметі, "Кazsport" телеарнасының түсірілім тобы қазақ боксының 85 жылдығына орайластырылған мерекелік шараға арнайы келді.

Жас та болса бас болып жүрген ағайынды Айбек пен Нұрбек Оралбай да көпшілікпен бірге суретке түсіп, жиналған жұрттың көңілін тауып жатты. Бірі биыл Будапештте өткен Әлем чемпионатының жеңімпазы, бірі Жасөспірімдер Олимпиадасының күміс жүлдегері.

Сөз соңында айта кетейік, биыл бокстан ересектер арасындағы ел біріншілігі 11-18 қараша аралығында Ақтау қаласында өтеді. Ал желтоқсан айында Алматыда Конфедерация кубогының жартылай финал және финалдық кездесулері жалауын көтереді.

 
  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал