10.07.2018, 15:43 451 Бразилияны жеңген Бельгия Франциядан өте ала ма

Бүгін түнде Санкт-Петербургта Франция мен Бельгия құрамалары финалдың жолдамасын сарапқа салады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қос ел көршілес болғандықтан, ежелден бір-бірімен мидай араласып кеткен. Футбол майданында да Франция мен Бельгия әбден сыралғы командалар деуге болады. Олар бір-бірімен 77 мәрте кездесіп, соның 31-інде бельгиялықтар, 26-сында француздар жеңіске жетіп, 20 ойын тең аяқталған. Дегенмен дүниежүзілік доданың шешуші кездесуі үшін өтетін соңғы айқастың бәсі бәрінен жоғары екені хақ.

Уругвайлық Андрес Кунья бастаған төрешілер қазылық ететін матчқа Дидье Дешамның шәкірттері жақсы көңіл-күймен келді. Топтық бәсекеде онша қиналмай, плей-офқа күшін үнемдеген француздар Месси бастаған Аргентинаны, содан кейін Уругвайды жолдан тайдырды. Тек аргентиналықтардан үш гол өткізіп алғаны команда жанкүйерлерін алаңдатады. 1998 жылы әлем чемпионы атанып, 2006 жылы финалда италиялықтарға есе жіберіп, күміс жүлдегер атанған француздар сол табыстарын қайталауға бір табан жақын тұр. Аргентинамен шайқаста қос гол соғып, есімін футбол тарихына жазған 19 жасар Килиан Мбаппе, сондай-ақ Антуан Гризманн, Оливье Жиру сияқты ойыншыларға барын салатын сәт туды.

Роберто Мартинес жаттықтыратын бельгиялықтар біріншілік барысында фавориттердің бірі екендігін таныта білді. Өз тобында барлық кездесуінде қарсыластарынан басымдық танытқан «қызыл сайтандар» плей-офф бәсекесінде шабуылды тез ұйымдастыратын ұшқыр команда екендігін көрсетті. Жапониядан 0:2 есебімен ұтылып жатып, жеңісті жұлып алғаны - осыған дәлел. Ал ширек финалда турнирдің бас фавориті Бразилиядан айласын асырып кетті. Бұл матчта бельгиялықтардың қарсы шабуылдағы күштілігі өз алдына, қорғаныста да барынша мығым екендігі көрінді. Биылғы бес ойынында 14 гол соққан Бельгия құрамасындағы Эден Азар, Кевин Де Брюйне, Ромелу Лукаку сынды жасындай жарқылдайтын футболшылардың кез келген қорғанысты бұзып өтуге шамалары жетеді.

Айта кетейік, 11 шілде күні Мәскеуде Хорватия - Англия құрамалары алаңға шығады. Егер Бельгия мен Англия ұтса, G тобынан шыққан қос команда финалда қайта жолығысады.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал