18.10.2018, 16:46 1346 Буэнос-Айрес-2018: Қазақстан Әнұраны екі мәрте шырқалды

Буэнос-Айрестегі жасөспірімдер Олимпиадасының он бірінші жарыс күні қазақстандық спортшылар үшін сәтті өтті. Еліміздің байрағы төрт рет көкке көтеріліп, Әнұранымыз екі мәрте шырқалды, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА тілшісі ҰОК ресми сайтына сілтеме жасап.

Велоспорттан кешенді жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан қыздар командасы алтыншы орын иеленді. Марина Курносова мен Светлана Пащенко үздіктер қатарынан көріну үшін соңғы жарыс күнінде барын салуы тиіс еді. Алайда, еуропалық қарсыластарына есе жіберген қазақстандықтар жалпы есепте алғашқы алтылыққа ғана ене алды. 

«Әрине, үздік үштікке енеміз деген мақсатымыз болған. Алайда, бүгінгі күн біз үшін қолайлы болмады. Жарыстың бұл түрі бізге қол емес. Азия мен Еуропадағы деңгейді салыстыра алмайсың. Еуропалық қыздар бізден бір бас жоғары екенін мойындау керек. Олардың тактикалық әдістері, жылдамдығы, мәреге жақындаған тұстағы қимыл-әрекеттері бізді орап кетеді. Сондықтан, жолымыз болмады», - дейді Пащенко.

Ал велоспорттан ерлер командасы нағыз ерлік жасап, Жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы атанды! Глеб Брусенский мен Евгений Федоров қарсыластарына еш айла қалдырған жоқ. Олар бірінші жарыс күнінен бастап көз тізгінін қолға алған болатын. Сайыс барысында қарсыластарынан оқ бойы озық тұрған біздің спортшылар жанкүйерлер мен бапкер үмітін ақтап отыр. 

«Дайындықты былтыр бастадық. Құрлық додасынан бас тартуға тура келді. Әрине, ол жақта да жеңетінімізге күмән жоқ. Алайда, жарақаттан аман болу үшін Азия біріншілігіне екі спортшыны жібермедік. Маунтинбайктің жарыс бағдарламасына енетінін білген соң, Испанияда қарқынды түрде жаттығу жұмыстарын жүргіздік. Кейін тас жолдағы жарыстан әлем кубогіне қатысқанымыз бар. Шілдеде қайтадан маунтинбайкті қолға алдық. Сол жаттығу жиындарының кешегі кросс-кантриде көмегі тиді. Жігіттер жарап тұр! Өзім де үшінші орыннан үміттеніп келгем. Алайда,олар мен ойлағаннан да асып түсті», - деп ағынан жарылды Горбачевский.

Қазақ елінің боксшылары кешегі жарыс күнінде үш рет тұғырға шықты. Надежда Рябец қола, Дамир Тойбай күміс жүлдегер атанса, Айбек Оралбай алтыннан алқа тақты.

Олимпиада чемпионы атанған Айбек Оралбай ел намысы үшін бар күшін салғанын жасырған жоқ. 

"Мен бұл боксшымен әлем чемпионатының жартылай финалында кездескен едім. Ол жолы да, бүгін де жеңіске жеттім. Екінші раундта қарқынды күшейтіп, одан басым түстім. Бүгін қолдау білдіруге келген қазақстандық басқа спортшыларға, бапкерлерге алғысым шексіз. Олардың қолдауын сезіндім. Намысты қолдан бермей, алтынға қол жеткіздім", -  деді Олимпиада чемпионы Айбек Оралбай.

Ашылу салтанатында еліміздің көк байрағын көтеріп шыққан Дамир Тойбай өзінің әділетсіздік құрбаны болғанын ашық айтты. Спортшы қарсыласын қуалап жүріп ұрса да, төрешіден ұпай ала алмаған. Десе де, Дамирдің болашағы әлі алда. Біз оның талай бәсекеден алтынмен ораларына сенімдіміз!

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал