21.06.2018, 15:18 831 «Бұл клубтан ешқандай да перспектива көріп тұрғаным жоқ» - «Ақтөбе» легионерлері клубтан кете бастады

«Ақтөбе» футбол командасы және бразилиялық қорғаушы Фабрисио Силва Дорнессал арасындағы еңбек шарты ойыншының қалауымен бұзылды, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА клубтың ресми сайтына сілтеме жасап.

«Мен бұл клубпен және қаланың өзімен қимастықпен қоштасып жатырмын. Алайда бұған бірнеше себептер түрткі болғандықтан, осылай жасауға мәжбүрмін. Біріншіден, отбасы жағдайыма байланысты, ал екіншіден, бұл жерде келешегімді елестете алмаймын, себебі келісімшартқа қол қоймас бұрын, бізге Еуропа Лигасындағы орынға ойнайтынымызды айтқан, алайда санкциялардың кесірінен 6 ұпайымызды алып қойды. Дәл қазір турнирлік кестенің ең соңғы орнында келе жатырмыз. Мен Некомен сөйлестім, оған қарыздың қайтарылатын түрі жоқ. Енді, міне, ойыншыларды екі трансфер маусымына тіркеуге тыйым салынды. Сондай-ақ, маған командадан тағы да 6 ұпай алынатынын айтты. Клубқа жаңа мүмкіндіктер сыйлағаны үшін рахмет, ал жанкүйерлерге үнемі керемет атмосфера жасап, қолдау көрсеткендері үшін алғысымды білдіремін. «Ақтөбе» менің жүрегімде мәңгі қалады», - деді бразилиялық футболшы.

Еске салайық, клубта орнаған жағдай туралы «Ақтөбенің» бас директоры Самат Смақов түсінік берген. Оның айтуынша, клуб жұмысын тоқтатуы мүмкін.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал