20.03.2018, 18:44 3631 Бурабайдағы жаңа шаңғы-биатлон базасында спортшылар өзара кім мықтыны анықтап жатыр

Бурабайда халықаралық деңгейдегі шаңғы-биатлон базасы ашылды, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА тілшісі Хабар24-ке сілтеме жасап.

Су жаңа кешенде алғашқы жарыс та басталып кетті. Кеше шаңғышы қыз-жігіттер скиатлон сайысының мықтыларын анықтады. Ерлер арасындағы бәсекеде Виталий Пухкало жеңіске жетсе, әйелдерден Анна Шевченко топ жарды. Жасөспірімдер жарысында Никита Грезин мен Анжелика Тарасова жеңімпаз атанды.

«Жаңадан ашылған шаңғы базасының мүмкіндіктері барлық халықаралық талаптарға сай келеді», – дейді мамандар. Мұндағы шаңғы жолының ұзындығы 4 жарым шақырымнан асады. Дайындық алаңы мен жасанды қармен жабдықтау жүйесі де бар. Саланың жілігін шағып, майын ішкен білікті мамандар мен тәжірибелі спортшылар да жаңа нысанға өздерінің оң бағасын беріп отыр. 

Бүгін басталған халықаралық шаңғы жарысында спортшылар шаңғы спортының 6 түрі бойынша сынға түседі. «Ал келешекте бұл жерде құрлықтық кубок, әлем кубогының кезеңдері мен әлем чемпионаттарын өткізуге әбден болады», – дейді мамандар. Ал, ең бастысы, қысқы спорт түрлерінен еліміздің құрама командасы Бурабай баурайында жаттығады.

Жалпы, қазір елімізде шамамен 67 мың адам шаңғы спортымен айналысады екен. Олардың 1 мыңдайы кәсіби спортшылар. Ал халықаралық деңгейдегі жарыстар шаңғышыларымыздың әлемдегі рейтингін көтеріп, шыңдай түспек.

Айта кетейік, аталған жарыс 27 наурызға дейін жалғасады.


  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал