21.06.2018, 20:06 705 Дания мерзімінен бұрын плей-офф кезеңіне шыға алмады

Ресейдің Самара қаласындағы «Самара-Арена» стадионында С тобындағы Дания мен Аустралия құрамалары өзара кездесті. Бұл ойын 1-1 есебімен тең аяқталды.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Дания мен Аустралия үш мәрте кездескен екен. Әзірге Еуропа құрлығының өкілдері екі мәрте жеңіп, бір мәрте жеңілген. Қос құрама тең түсіп көрмеген. Мамандар Дания құрамасы жайында оң баға береді. Олар футболды жүйелі ойнайтынын айтады. Дания футболшылары негізінен құрама жұлдызы Кристиан Эриксенге көбірек сенеді.
Аустралия жайлы мамандар пікірі былайша өрбиді: «Әзірге олар жайында үлкен мақтау айту ертерек. Ардагер Тим Кэйхил еуропалық орта деңгейдедегі клубтарда доп тебетін ізбасарларын жеңіске жетелей ала ма? Қазір мамандарды осы сұрақ толғандырып отыр. Жасыл құрлық өкілдері іріктеу кезеңінен әрең өтті. Топтық кезеңде үшінші орын алды. Өзі секілді келесі топта үштікке іліккен Сириямен жалғыз жолдамаға таласты. Екі кездесу барысында жеңіс голын соңғы минуттарда соғып, Ресейге бет түзеген құрамалар қатарына қосылды. Қазір Аустралияға белгілі бапкер Берт Ван Марвейк бапкерлік жасайды. Ол 8 жыл бұрын Голландияны әлем біріншілігінің финалдық кезеңіне дейін алып барды. Сондықтан Австралия жайында әзірге толық шешім шығару дұрыс емес».
Ресейдегі доп додасының алғашқы турында жасыл құрлықтан келген футболшылар Франциядан оңай жеңіле қойған жоқ. Есеп 1:2.
Сол себепті олар Даниямен ойынға бар күшін салатыны айдан-анық еді. Есесіне дат футболшылары алғашқы турда Перуді 1:0 есебімен сүріндірді. Сондықтан олар екінші кездесуінде жеңіске жетіп жатқан жағдайда жарыстың келесі сатысына берілетін жолдама тағдырын бір тур бұрын-ақ шешіп қоятын еді.
Қос құраманың кездесуі даниялықтардың шабуылымен басталды. Алғашқы үш минуттың өзінде олар екі мәрте қарсыластар қақпашысын мазалап үлгерді. Гол да көп ұзамай соғылды. Ойынның 7-минутында Данияның жартылай қорғаушысы Николай Йоргенсен әріптесі Кристиан Эриксенге әдемі пас берді. Оны Эриксен қақпаға бағыттап, өз құрамасының бұл ойындағы алғашқы голын соғып үлгерді. Есеп 1:0.
Бұдан кейін де бірнеше қауіпті сәттер болды. Аустралиялықтар 35-минутта жауап добын соғу мүмкіндігіне ие болды. Дания қақпасы маңында Юссуф Поульсеннің қолына доп тиіп кетті. Испаниялық бас төреші Матеу Лаос бұл сәтте VAR әдісін қолданып, бейнебақылауға жүгінді. Содан кейін шешім қабылдап, Дания қақпасына пенальти белгіледі. Оны аустралиялық Майл Единак мүлт жіберген жоқ. Есеп 1:1. Екінші кезеңде де қос құраманың есепті ұлғайту мүмкіндіктері болды. Дегенмен олар ешқайсысына өз жемісін берген жоқ. Ойын 1:1 еебімен тең аяқталды.
Сондай-ақ, бүгін бұл топта Франция - Перу («Qazaqstan». 21.00) құрамалары кездеседі. Ал D тобында Аргентина мен Хорватия («Qazaqstan». 00.00) шеберлік байқасады.

 

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал