25.05.2018, 17:29 1195 Данияр Елеусіновтің болуы мүмкін қарсыласы анықталды

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Данияр Елеусінов 6-шы маусым күні Лондон қаласында өтетін екінші жекпе-жегінде Габор Горбичпен жұдырықтасуы мүмкін, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА тілшісі.

Данияр кездесуін WBA Continental және Британдық серіктестіктің чемпиондық белбеуіне таласатын Лоуренс Околи мен Люк Уоткинның андеркатында өткізеді. Әзірге қазақстандық боксшының қарсыласы анықтала қойған жоқ. Алайда, Ұлыбританияның баспасөз беттері Даниярдың келесі қарсыласы кім болуы мүмкін екендігін білетін сықылды. Олар венгриялық боксшы Габор Горбич Елеусіновпен Лондонда айқасқа түседі деп жазады.

30 жастағы Горбич бүгінге дейін 35 кездесу өткізіп, оның 24-ін жеңіспен аяқтаса, қалған 11 ұрыста қарсыластарына жол берген екен. Ол кәсіпқой боксқа 2012 жылы аяқ басқан. Венгрияда Габор жойқын соққысымен танылғандығын да айта кеткіміз келеді. Физикалық әлеуеті мықты венгриялық боксшы соңғы жекпе-жегін осы жылдың сәуір айында Шахрам Гиясовқа қарсы өткізіп, жеңіліске ұшырады. Естеріңізде болса, Елеусінов өзбек боксшысы Гиясовтан Рио Олимпиадасының финалында басым түсіп, чемпион атанған болатын.

Бұған дейін біз «Хабар» телеарнасы айтылған кездесуді 6 маусымнан 7 маусымға қараған түні сағат 01.55-те тікелей эфирден көрсетеді деп хабарлаған едік.

Айта кетейік, Данияр Елеусінов кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін америкалық боксшы Ноа Киддқа қарсы Нью-Йорктегі Barclays Center аренасында өткізді. Алты раундқа есептелген жекпе-жектің үшінші кезеңінде қазақстандық боксшы техникалық нокаутпен жеңіске жетті.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал