26.11.2018, 10:57 7483 Данияр Елеусіновтің профи-рингтегі рейтингі жоғарылады

Қазақстандық Данияр Елеусінов (5-0, 3КО) пен Сұлтан Зәуірбек (2-0, 1КО) Монакодағы жекпе-жектерінен кейін әлемдік рейтингтегі позицияларын жақсартты. Бұл туралы ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі «Қазақстанның кәсіби боксы» парақшасында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, қазақстандық қос боксшы «Казино де Монте-Карлодағы» шоудың андеркартында никарагуалық қарсыластарын үшінші раундта нокаутпен жеңді.

Елеусінов Маркос Мохикамен (16-3-2, 12КО), ал Зәуірбек Джонсон Теллеспен (12-45-5, 6КО) кездесті. Елеусінов BoxRec сайтының жаңартылған рейтингінде (жартылай орта салмақта) 231-ден 184-ші орынға, ал Зәуірбек (екінші жартылай жеңіл салмақта) 787-ден 641-ші орынға көтерілді. Жартылай орта салмақ санатында BoxRec рейтингіне 1987 боксшы, ал екінші жартылай жеңіл салмақта 1476 енген.

Бұл, Рио-2016 Олимпиадасының чемпионы, 27 жастағы Елеусіновтің кәсіби рингтегі бесінші айқасы, ал әуесқой бокста Жастар арасындағы әлем чемпионы болған 22 жастағы Зәуірбек үшін - екінші жекпе-жек.

Айта кетейік, «Казино де Монте-Карлодағы» басты айқаста бірінші ауыр салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы ресейлік Денис Лебедев (32-2, 23КО) төрешілердің шешімімен америкалық Майк Уилсонды (19-1, 8КО) жеңді.

 


Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/daniyar-eleusinovtin-profi-ringtegi-reytingi-zhogarylady_a3466015

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал