01.10.2018, 11:28 5587 Дархан Кәлетаев Алматыдан Қытайға дейінгі жаңа велотур туралы айтты

Қазақстанның велоспорт федерациясы Алматыдан Қытайға дейінгі «Жібек жолы турын» ұйымдастыру бойынша келіссөздер жүргізуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін Алматыда «Алматы туры 2018» екікүндік веложарысы аяқталды. Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне қатысқан ҚР Велоспорт федерациясының президенті Дархан Кәлетаев турдың нәтижесі мен алдағы жоспарлар туралы айтты.

«Алматы туры» осымен алтыншы рет өтіп отыр. Айтарлықтай тәжірибе жиналды. «Алматы туры» әлем күнтізбесінде өзінің лайықты орнын алып үлгерді. Бізді Халықаралық велосипедшілер одағы белсенді қолдап келеді. Бүгінгі дода - Орталық Азиядағы ең ірі жарыстардың бірі. Биылғы өзгеріс - маршрутты алматылықтардың мәдени әрі тарихи орындары бар басты даңғылдардың бойына құрдық. Телекартина арқылы оңтүстік астанамыздың сұлулығын бүкіл әлемге паш еттік. Жарысқа алты жыл көп секілді көрінуі де мүмкін, бірақ бұл тек бастауы. Тағы бір жоспарымызды айта отырайын. Қытай велоспорт федерациясымен келіссөз жүргізіп жатырмыз. «Алматы туры» мен «Қытай турын» біріктіреу мүмкіндігін көп уақыттан бері талқылап келеміз», - деп келтіреді Дархан Кәлетаевтің сөздерін федерация.

Оның айтуынша, Алматы-Қытай көпкүндік жарысын «Жібек жолы туры» деп атап көзделуде.

«Өзіндік бір «Жібек жолы турын» жасағымыз келеді. Сөресі Алматыда, ал мәресі Қытайдың белгілі бір қаласында болса - бұл әлемдік велоспорт масштабындағы өте ірі спорт оқиғасы болар еді. Өздеріңіз де білесіздер, қазіргі ең ірі гранд-турлар Еуропада өтеді - «Тур де Франс», «Вуэльта» және «Джиро д'Италия». Азия өз жерінде төртінші ірі көпкүндік эвант өткізуге лайық болған шығар. Біздің мақсат - үлкен Азия турын өткізу, «Алматы туры» - оның бастауы», - деді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, «Алматы туры 2018» веложарысына әр елден келген 19 команда қатысты. Екі кезеңнен өткен доданың алғашқы күні «Astana Pro Team» командасының мүшесі Давиде Виллела жеңіске жетсе, бүгін аталмыш команданың тағы бір өкілі Луис Леон Санчес үздік атанды.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал