28.04.2018, 15:19 1270 Денис Тен Атырау жастарына шеберлік сабағын өткізді

Сочиде өткен қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Тен Атырау жастарына шеберлік сабағын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алдымен жергілікті жас спортшылар шеберліктерін көрсетіп, өздерінің әдемі бағдарламаларын орындады. Кейін Денис Тен ортаға шығып, өзінің тәжірибесімен бөлісті.
«Қазақстанның барлық мұз айдындарын аралап көрдім. Атыраудағы жағдайға таң қалдым және қуандым. Мұнда кішкене балалар үшін мәнерлеп сырғанауға барлық жағдай жасалған екен. Атыраудағы тегін үйірмелерді басқа облыстардан кездестіру қиын»,- дейді әлемге танымал мәнерлеп сырғанаушы.
Чемпионмен кездесу үшін тек ғана жастар емес, осы бір спорт түрін сүйіп көретін және Денис Теннің жанкүйерлері де жиналды. Шеберлік сағатынан соң мәнерлеп сырғанаушы жақсы әсер алғанын, Атырауда мұндай жылы қарсы алады деп күтпегенін жеткізді.
Спортшы әзірге Олимпиада ойындарынан кейін демалуда. Ол жарақаты оңалған соң қайта мұз айдынына шығып, үлкен белестерді бағындыруды мақсат қойып отырғанын айтты.

 

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал