14.08.2018, 17:01 1101 «Динамо» VS «Астана» – дубль 2 немесе Загребте бір ғажаптың боларына сенеміз

Өз алаңында 0:2 есебімен ұтылып қалған футболдан Қазақстан чемпионы «Астана» бүгін Хорватия астанасы Загребте «Динамоға» қарсы жауапты кездесуін өткізеді, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА тілшісі «Астана» Президенттік клубына сілтеме жасап.

 

Иә, осыдан бір апта бұрын «Астана Аренада» өткен ойында жерлестеріміз қанша шабуылдағанымен доптары қонақтардың қақпасына кірмей қойған еді. Ал хорваттар екі гол соғып кетті. Дегенмен, алда әлі 90 минут бар. Загребтегі кездесу «Астана» үшін өте маңызды. Егер Балқан түбегінде ғажап оқиға орын алып жатса, онда жерлестеріміз Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне жолдама алып, Швейцария чемпионы «Янг Бойзбен» жолдары түйіседі. Бірақ ол үшін Роман Григорчук шәкірттері өз қақпаларына гол жіберіп алмай, алаң иелері қақпасын кемі үш рет тесуі қажет. Ал басқаша жағдайда «Астананы» Еуропа лигасының плей-офф кезеңі күтеді. Бұл раундта Израильдің «Хапоэлі» мен Кипрдің «Апоэлдің» қай жеңгені күтіп тұр. Израильде өткен бірінші ойындары 2:2 есебімен тең аяқталыпты.

 

- Бүгін біз Астанадағы кездесуге қарағанда әлдеқайда жақсы ойнауға тырысамыз. Бір апта бойы тек осы матчқа дайындалдық. Сапалы, қарқынды, жылдам ойнап, алаң иелерін састыруымыз қажет. Өзіміздің де қорғанысымызды ұмытпау керек. Хорваттар қателікті кешірмейді. Ұтатынымызға сенімдімін, - деді матч қарсаңындағы баспасөз мәслихатында «Астананың» бас бапкері Роман Григорчук.

 

Иә, «Астана» Хорватия астанасына әдеттегіден ерте аттанып кетті. Екі күн бұрын барып алды. Бұл команданың аталмыш кездесуге барынша дайындалып жатқандығын білдірсе керек. Кездесу тамыздың 14-інен 15-іне ауған түні Астана уақытымен сағат 00:00-де басталады. Матчты тікелей эфир арқылы Qazsport телеарнасынан көре аласыздар.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал