21.05.2018, 23:25 630 Дияс Страсбургтегі турнирде венгриялық теннисшімен кездеседі

Қазақстанның бірінші, әлемнің 53-інші ракеткасы Зарина Дияс Страсбург (Франция) турнирінің екінші айналымында венгриялық Тимея Бабошпен кездеседі. 
Әлемнің 37-інші ракеткасы, Венгрия елінің өкілі алғашқы кездесуінде дүниежүзілік рейтингте 256-ыншы сатыда тұрған франциялық Фиона Ферроны 6:4, 6:0 есебімен тізе бүктірді. Жуырда 25-ке толған, Зарина сияқты 1993 жылы дүние келген Т.Бабош жүлде қоры 300 мың АҚШ долларына жуықтайтын осы турнирдің алтыншы ракеткасы болып тіркелген.
Сол сияқты Францияның тағы бір қаласы Лионда ерлер қаласында өтіп жатқан турнирде Қазақстанның бірінші, әлемнің 91-інші ракеткасы Михаил Кукушкин алғашқы айналымда франциялық Грегуар Баррерді ұтса, аргентиналық Федерико Кориямен шеберлік байқасады. Ф.Кория бірінші матчында отандасы Николас Киккерді 4:6, 6:1, 7:5 есебімен жеңді.
Сондай-ақ қазіргі кезде Франция ашық чемпионатының іріктеу сайыстары да өтуде. Өкінішке қарай, қазақстандықтар, әлемнің 240-ыншы ракеткасы Александр Недовесов пен дүниежүзілік рейтингте 141-інші сатыда тұрған Александр Бублик бірінші кездесуінде-ақ жеңіліп қалды.
А.Недовесов әлемнің 122-інші ракеткасы, швециялық Элиас Имерге 6:0, 5:7, 1:6 есебімен есе жіберді. Ал А.Бублик рейтингте өзінен төмен тұрған әлемнің 261-інші ракеткасы, германиялық Ян Чоинскиден 5:7, 4:6 есебімен ұтылды. Сөйтіп екеуі де әлем біріншілігімен тең саналатын Ролан Гаррос турниріне қатысудан үміттерін үзді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Страсбург турнирінің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.
  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал