02.07.2018, 17:42 924 Елордада «Ұлы Дала рухы» фестивалі басталады

Екі күннен кейін елордада Астана қаласының 20 жылдығына арналған республикалық «Ұлы Дала рухы» фестивалі басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Республикалық ұлы «Ұлы дала рухы» фестивалі ұлттық спорт түрлерінен ұзақ мерзімге жоспарланған ауқымды жоба. Фестивальдің мақсаты - Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» идеясын жүзеге асыру, ұлттық спорт түрлерінің қоғамдық сипат алуына, жүйелі дамуына тың серпін беру болып отыр.
«ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Астананың 20-жылдығын мерекелеу аясында біршама ауқымды спорттық шараларды қолға алды. «Ұлы Дала рухының» ерекшелігі - фестиваль еліміздің барлық өңірін қамтиды. Әу баста Астана орталық болып, үш айдан соң ақтық жарыстар елордасында ұйымдастырылады деп көзделген. Сол жоспар бойынша, фестиваль 4 шілдеде басталады. Ұлттық спорттың сегіз түрінен үш айға созылатын дода 16 қыркүйекке дейін жалғасады», - деді ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Жарасбаев.
Комитеті төрағасының айтуынша, жалпы үш айдың ішінде ұлттық спорт түрлерінен өтетін сайысқа 7 мыңнан астам спортшы қатысады. Ұлттық спорттың көкпар, бәйге, теңге ілу, аударыспақ, жамбы ату, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату түрінен өтетін жарыстар командалық тәртіпте жүргізіледі.
Үш айдан астам уақытқа созылатын бұл фестиваль II кезеңге бөлінген. I кезең - аймақтық іріктеу жарыстары. Алғашқы кезең бәсекесі төрт аймақта өтеді. 4 шілде күні Қазмедиа орталығында фестивальдің ашылу салтанаты және жеребе тарту рәсімі болады. Осы жеребе бойынша өтетін республикамыздың Оңтүстік, Шығыс, Батыс және Солтүстік аймақтарындағы жарыстардың салтанатты ашылуы әр мерзімге белгіленген. Атап айтқанда, 13-15 шілде күндері Шымкент қаласында Оңтүстік аймақ, 27-29 шілде күндері Ақтөбе қаласында Батыс аймақ, 13-15 тамыз күндері Павлодар қаласында Шығыс аймақ, 17-19 тамыз күндері Астана қаласында Солтүстік аймақ жарыстарының салтанатты ашылуы өткізіледі. Сондай-ақ, көкпар, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату спорт түрлерінің іріктеу бәсекелерін аймақтық өңірлерде, ал, аударыспақ, жамбы, теңге, бәйге спорт түрлерінің іріктеу бәсекелерін Астанада өткізу жоспарланған.
Аймақтардағы іріктеу жарыстары 31 тамызда мәреге жетеді. Еліміздегі 14 облыс, 3 қала командалары арасынан үздік шыққан командалар фестивальдің II кезеңіне өтеді. Астана қаласында 11-16 қыркүйек күндері аралығында өтетін ІІ кезеңге 250 жуық спортшы қатысады деп күтілуде. Фестивальдің II кезеңіңде жартылай финал мен финалдық бәсекелер тамашаланады.

 

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал