26.07.2018, 17:27 710 Facebook бокс жекпе-жектерін тікелей эфирден көрсету құқығын алды. Мұның арты неге әкеледі?

 

АҚШ-тың Main Events промоутерлік компаниясы мен «Фейсбук» серіктестік жөніндегі келісімшартқа қол қойды, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА тілшісі diamondring.kz-ке сілтеме жасап.

Енді Америкада өтетін бокс жекпе-жектерінің кейбірі әлеуметтік желі арқылы көпшілікке таралып, көрермендер айқастарды тегін көре алады. Жалпы спорт әлеміндегі бұл қадамның арты қалай болар екен? Сараптап көрелік.

Серіктестік аясындағы алғашқы айқастарды қалың көрермен «Фейсбук» әлеуметтік желісі арқылы тікелей эфирден тамыздың 11-і және 18-і күндері тамашалай алады. Кэти Дува басқаратын Main Events промоутерлік компаниясынан басқа, серіктестік келісімшартына Оскар Де Ла Хойя басқаратын Golden Boy компаниясының да қатысы бар.

– Егер біз трансляциялардың барлығын ақылы телеарналарға тықпалай берсек, онда спортты өлтіріп аламыз. Сондықтан, кейбір жекпе-жектерді көрерменге тегін жеткізудің жолын қарастыруымыз қажет. Мәселен, НВО, Showtime, Суперсерия, DAZN, ESPN сынды алып агенттіктер кейбір айқастарды көрсеткісі келмейді. Ақша сұрайды. Ал «Фейсбукпен» серіктестігіміз күшейе түссе, біз көптеген бокс жекпе-жектерін тікелей эфирден қалың көрерменге тегін жеткізуге мүмкіндік аламыз, – деді осыған байланысты Кэти Дува.

Жалпы, спортты әлеуметтік желілер арқылы таратудың соңы неге әкеліп соқтыруы мүмкін? Бұл бірінші кезекте теледидар әлемін мүлдем жоюы және телеарналарды әлсіздендіруі ғажап емес. Онсыз да интернет журналистикаға айналып бара жатқан жаһандық кезеңде бұл көрермендер үшін пайдалы да шығар, бірақ телеарналардың басына бұлт төнуі мүмкін.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал