11.03.2018, 22:12 949 GeeBee бокс турнирінде бес қазақстандық жеңімпаз атанды

Хельсинкиде бокстан 37-ші халықаралық  GeeBee турнирі өз мәресіне жетті, оған 6 қазақстандық спортшы қатысты, деп хабарлайды Қазақстанның бокс федерациясы.

Алты спортшы да ақтық сынға жеткен, бірақ Олжас Байниязов шешуші айқаста француз спортшысынан жеңіліп, күміс жүлдені қанағат тұтты. Бес қазақстандық боксшы алтын жүлдеге қол жеткізді.

2017 жылғы әлем чемпионы Қайрат Ералиев 5:0 есебімен мажарстандық боксшы Нандор Чоктан басым түсті. Азия және әлем чемпионатының жүлдегері Абылайхан Жүсіпов те дәл осындай көрсеткішпен британдық Харрис Акбарды жеңді. Олимпиаданың күміс жүлдегері Василий Левит украиналық Константин Пинчукты, Камшыбек Қоңқабаев - британдық Соломон Дакросты сүріндірді.

Кештің көркін қыздырған айқас - Бек Нұрмағанбет пен ресейлік Артем Агеевтіңжекпе-жегі болды. 40-секундта Бек қарсыласын нокаутқа жіберіп, чемпион атанды.

Осылайша, толық емес құрамда келген қазақстандықтар бес алтын және бір күміс медальмен жалпыкомандалық есепте бірінші орынды еншіледі.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал