11.07.2018, 9:37 359 GGG Чемпиондық белбеулері Елбасы кітапханасына қойылды

Кәсіпқой боксшы Геннадий Головкиннің Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевқа тарту еткен чемпиондық белбеулері бүгінде «Қазақстандағы олимпиада қозғалысы» атты Елбасы кітапханасының тұрақты экспозициясында жұртшылық назарына ұсынылды, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА тілшісі ҚР тұңғыш Президентінің кітапханасына сілтеме жасап.

2018 жылдың мамырында тұсауы кесілген аталмыш экспозицияда Олимпиада қозғалысының жетекшілерімен, отандық және шетелдік спортшылармен кездесу барысында Мемлекет басшысына табысталған кәдесыйлар, марапаттар, спорт құралдары сақталған.

Бұл жерде Елбасының спорт саласындағы мемлекет саясатын ел ішінде ғана емес, шекарадан тыс ілгерілеткені үшін алған марапаттары да орналасқан. Олардың қатарында спорт ұйымдары мен қоғамдары, қауымдастықтары мен федерациялары тарту еткен марапаттары, сондай-ақ ҚР ҰОК Құрмет белгісі (2000), «Спешиал Олимпикс Қазақстан қозғалысын қолдағаны үшін» естелік медалі мен белгісі (2002), Азия Олимпиада кеңесінің ордені (2007), FILA Халықаралық күрес қауымдастығының алтын ордені (2003) сынды өзге де  Олимпиада және Паралимпиада ойындарымен байланысты марапаттар бар. Олардың ең алғашқысы, әрі ең ерекшесі – ХОК президенті Хуан Антонио Самаранчтың Мемлекет басшысына табыстаған «Еңбегі үшін» атты алтын Олимпиада ордені (1997).

Н.Ә. Назарбаевтың қолдауымен отандық боксшылардың жетістіктері әлемге кең етек жайды. Сол себепті де, Кәсіпқой бокстың халықаралық қауымдастығы (АIBА) Олимпиада боксын дамытуға қосқан үлесі үшін Елбасыға АIBА алтын орденін (2000), АIBА күміс орденін (2000), «Еңбегі үшін» алтын орденін (2002) тарту етті.

«Қазақстандағы Олимпиада қозғалысы» көрмесі экспозициясының төрінен Г. Головкиннің WBA – Дүниежүзілік бокс қауымдастығы (2010), IBO – Халықаралық бокс ұйымы (2011), WBC – Дүниежүзілік бокс кеңесі (2016), IBF – Халықаралық бокс федерациясы (2015-2018) бойынша чемпиондық төрт белбеуі ерекше орын алды.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал