11.11.2017, 16:20 9378 "Гол соғу басты мақсатым емес"

Биылғы маусымда Павлодарлық "Ертісті" алға сүйреген екі ойыншы болса, соның бірі - Аслан Дарабаев. Ерекше ойнымен, жойқын соққыларымен өзгелерден дараланған Дарабаевтың мықты екені даусыз. Павлодарлық команданың көшбасшыларының бірін биылғы маусымды қорытындылап, алдағы жоспарларын айтып беруін өтінген едік.

-Аслан, биылғы ел біріншілігі өте тартысты болды. Чемпион соңғы турда анықталды. "Ертісте" соңғы ойында жеңіске жетіп, Еурокубоктарға жолдама алды. Маусымның қорытындысы бойынша команда алға қойған мақсатына жете алды ма?
- Өзіңіз айтқандай, маусым өте тартысты, қызық болды. Соңғы турға дейін қай команданың чемпион болатынын, қай командалардың келесі жылы ел намысын Еуропа алаңдарында қорғайтынын білген жоқпыз. Біз команда басшылығының тапсырмасын орындадық деп ойлаймын. Оңай болған жоқ. Бар күш - жігерімізді салдық. Еңбектің, қайсарлықтың, өжеттіліктің нəтижесінде төртінші орын алып, келесі жылы Еуропа лигасының іріктеу ойындарына қатысуға мүмкіндік алдық. Жақсы нəтижеге қол жеткізуімізге қолдау көрсеткен Павлодарлық жанкүйерлерге, клуб басшылығына рақмет айтқым келеді.


- Бірнеше маңызды ойындарда гол соқтың. Нəтижелі ойын көрсеттің. Жанкүйерлер де ойныңызға риза. Өзіңіздің биылғы маусымдағы ойныңызға көңіліңіз толады ма?
- Шынтуайтында, маусымды жақсы бастадым. Ұжымдық ойынның нəтижесінде керемет ойындарды өткіздік. Мен үшін гол соғу басты мақсат емес. Бірінші кезекте "Ертістің" жеңгені маңызды болды. Жауапкершілікті сезінемін. Алаңға шыққан барлық ойындарда аянып қалмағаным анық. Жеке өзімнің ойныма 10 балдық көрсеткіш бойынша 7 деп баға берер едім. Негізі қай деңгейде ойнағаныма жанкүйерлер шын бағасын бере жатар. Өйткені, біз жанкүйерлеріміз үшін ойнаймыз. Болашақта осы маусымнан да жақсы ойнау үшін еңбектенетін, талаптанатын боламын.


- Сіз "Қайрат" командасында ойнадыңыз. Бірқатар футбол мамандары Аслан Дарабаевты "Қайратқа" қайтару керек деп жатыр. Осыған байланысты пікіріңізді білсек?
- Бүгінгі таңда "Ертістің" ойыншысымын. "Қайратта" ойнап жүргенімде Павлодарлық команда екі жыл қатарынан шақырған. Команданың мүдделі екеніне толық көзім жетті. "Ертістің" жейдесін киіп жүргеніме қуанамын. Биылғы маусымда командамен Еуропа лигасының іріктеу кезеңдерінде жаман ойнадық деп айта алмаймын. Келесі жылы да жанкүйерлерімізді жерге қаратпауға тырысамыз.


- Аслан, жақында командаңыз бас бапкерсіз қалды. Не себепті клуб басшылығы Вячеслав Грозныймен келісімшартты ұзартпады деп ойлайсыз?
- Бұл туралы ештеңе айта алмаймын. Клуб басшылығы мен бапкер арасында қандай келісім болғанын білмеймін. Футболшы ретінде бірге жұмыс істеген жаттықтырушымызға алғыс ғана айта аламын.

- Сұқбатыңыза рақмет. Жеңісті ойындарыңыз көп болсын!

 

Еркебұлан Жомарт

Фото: "Ертіс" ФК

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал